Қарағанды депутаттары жерасты өткелдерін тексеруді талап етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары биліктің жерасты өтпе жолдарына сараптама жасауын талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік nv.kz сайтына сілтеме жасап. 

Халық қалаулылары тозығы жеткен жерасты өткелдерінде төтенше жағдай орын алады деп қауіптеніп отыр.

"Жерасты жаяу жүргіншілер жолы - стратегиялық нысандар», - дейді қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов. - Егер олар қирап қалса, автомобиль қозғалысы бұзылады. Барлық жерасты жолдары қаланың негізгі күре жолдарында орналасқан. Сондықтан, олардың жағдайынан хабар алу керек. Сараптама жүргізу керек».

Бұл сөздер Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохинаға жолданды. Өз кезегінде ол депутаттардың сөзін құптады және жерасты жолдарының иелері өз меншігіндегі жолдарды ретке келтіргенін, бұл жұмыстардың Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіровтің тапсырмасымен орындалып жатқанын мәлім етті.

«Қазіргі уақытта Кеншілер мәдениет үйі мен Орталық дүкенге шығатын жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді, көңіл көншітерлік санитарлық жағдайға келтірілді, - деді Татьяна Шатохина. - Сондай-ақ, біз пандус жасау мәселесін де көтеріп отырмыз. Бұл туралы шағымданушылар көп».

Сонымен бірге, аудан әкімі Кеншілер мәдениет үйі мен Орталық дүкенге шығатын жол иелерінің ондағы саудагерлерді тарқатып жібергенін атап өтті. Енді мұнда сапасыз тауар сататын жаймалар болмайды, дүкендер ғана қалдырылды. Ал «1001 ұсақ-түйек» дүкені жанындағы өтпе жолда жағдай қиындау. Онда әлі күнге дейін самса, шелпек, киім және аяқ киімдер бейберекет сатылуда.

«Бұл жөнінде жергілікті полициямен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», - деп өз сөзін түйіндеді аудан әкімі.

Соңғы жаңалықтар