Қарағанды дәрігерлері жүрек тұсынан жараланған ер адамды құтқарды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда №1 қалалық аурухана хирургтері пышақ жарақатымен түскен науқасқа күрделі ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

24 мамыр түнде Қарағандының №1 қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне көптеген жарақаты бар науқас келіп түскен.

Хирургтардың кезекші бригадасы перекард тампонадасы бар жүрек жарақатының сипатын дер кезінде және дұрыс анықтаған. Дәрігерлердің жедел әрекеті науқасты өлім аузынан алып қалуға септігін тигізген.

«Шұғыл түрде жоғары санатты хирургтер Ғалым Қалтаев, Захитжан Омарходжаев және анестезиолог, профессор Бауыржан Айсанов жүрекке оң жақ қарыншаны тігу арқылы операция жасады», - деп түсіндірді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

№1 қалалық аурухана медицина қызметкерлерінің жедел және дұрыс әрекетінің арқасында науқас тірі қалды және қазіргі уақытта есін жиған.

Полиция қызметкерлері ер адамды пышақтаған күдіктіні қолға түсірді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, оқиға тұрмыстық келіспеушілік салдарынан орын алған. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Октябрь ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері іздестіру барысында 26 жастағы қала тұрғынын анықтады. Ол зардап шегушімен бірге ішімдік ішіп отырып, сөзге келіп қалғанын айтты. Кикілжің соңында күдікті азамат жанындағы жолдасына пышақ салған», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар