Қарағанды базарындағы өлім оқиғалары: Ер адам ток соғудан көз жұмған

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Полиция департаменті Қарағандының «Горняк» базарында ер адамның өлімі бойынша тағайындалған сот-медициналық сараптама қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, өлім электр тогының соғуы салдарынан болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«9 маусымда орын алған жазатайым оқиға фактісі бойынша ҚР ҚК 306-бабы «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету« бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің өлімі электр тогының соғуы салдарынан болғанын анықтады», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінен.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шараларын жүргізуде.

36 жастағы әйелдің өліміне қатысты екінші жағдайға келетін болсақ, полиция оның электр тогынан көз жұмғаны туралы қауесетті жоққа шығарды.

«Бұған дейін хабарланғандай, 6 маусымда дәл осы ауданда 36 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Медициналық сараптама оның өлімінің себебі жүрек ауруы – «кеңейтілген кардиомиопатия« болғанын анықтады. Сондықтан, әйел де электр тогының соғуынан мерт болды деген болжамдар мен қауесеттерге еш негіз жоқ», - деп түсіндірді департаментте.

Журналистердің: «Осы учаскеде қандай да бір жөндеу жұмыстары жүргізілді ме?», - деген сұрағына қала әкімдігі келесідей жауап берді:

«Бүгінгі таңда әлеуметтік павильон аумағында (Горняк аялдамасы) автомобиль жолының оң жағында мердігер ұйым ешқандай жұмыс жүргізбейді. Сондай-ақ, павильон мен жол төсеу жобасы арасында электр кабельдері табылмады», - деп хабарлады Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетейік, «Горняк» базарында араға төрт күн салып, 2 адам көз жұмды. 6 маусымда 36 жастағы әйел қайтыс болса, 9 маусымда 32 жастағы ер адам қаза тапты.


Соңғы жаңалықтар