Қарағанды әкімі тікелей эфирде краннан аққан суды ішіп, сапасын сынап көрді

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының әкімі «Қарағанды Су» ЖШС сорғы станциясында болып қайтты. Қала басшысы компания өкілдерімен бірге тұрғындар тарапынан ауыз судың сапасына қатысты шағымдарын назарға алып, мән-жайды анықтау үшін станцияның жұмысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов «Қарағанды Су» ЖШС сорғы станциясында болды.

Сапардың басты мақсаты – тазарту қондырғысы мен су тартудың жұмысын тексеру. Соңғы уақытта қала халқы тарапынан ауыз судың сапасына шағымдар жиілеп кеткен.

Қала басшысы барлық процесті Instagram парақшасы арқылы тікелей эфирде көрсетті.

Сорғы станциясының қызметкерлері түсіндіргендей, қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін станция тәулігіне 11-ден 22 мың текше метрге дейін су өткізеді.

Су Қ. Сәтбаев атындағы каналдан алынады. Бұл - ұзындығы 500 км жасанды су құрылымы.

Қала әкіміне тазарту ғимаратында «Қарағанды Су» компаниясының басшысы су тазарту кешені бойынша экскурсия өткізді.

Содан кейін олар тұтынушыларға жеткізілетін судың дәмін татып көрді.

«Қаладағы құбырларға баратын суды сынап көрейік. Әрине, Боржоми секілді емес, бірақ соған жақын», - деді қала басшысы.

Сондай-ақ, қала әкімі кейбір тұрғындар әлеуметтік желілерде жариялаған мәліметті жоққа шығарып, судың жағымсыз дәмі, қоспа мен құрттар жоқ екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, «Қарағанды Су» - қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін компания.

Кәсіпорында 1700-ден астам қызметкер жұмыс істейді.

Компанияның иелігінде 18 пайдалану учаскесі, 15 меншікті қосалқы станция және 96 сорғы станциясы, оның ішінде 10 кәріз сорғы станциясы бар.

Сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 1200 км, кәріз – 800 км.

Компания басшысының айтуынша, соңғы 10 жылда 750 км су бұру желілері жөнделген.


Соңғы жаңалықтар