Қарағанды әкімі көшеде кесілген ағаштарға қатысты видеоүндеу жариялады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ірі сауда орталықтары маңында ағаштардың басын діңіне дейін кесіп тастағаны үшін кәсіпкер мен әкімдік қызметкерлерін жауапқа тартуға уәде етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала тұрғындары мен экологтар ағаштардың бұлай кесілуіне наразылық білдірді. Олардың айтуынша, жапырақ, бұтағынан айырылған ағаштар енді қурап қалуы мүмкін, себебі бұл жұмыстар өз маусымында ғана жасалуы тиіс.

Оқиға орнына барған қала әкімі видео жазып, кінәлілерді жауапқа тартуға уәде етті.

«Бүгін қалада ақылға қонымсыз жағдай болды – қаламыздың басты көшесі – Бұқар жырау даңғылында ағаштарды діңіне дейін кесіп тастаған.

Кәсіпкер Анжела Борисенко мердігер компанияны жалдаған, олар жасыл желекті санитарлық бұталау нормаларын еш елеместен, кесу жұмыстарын аса жиренішті әдіспен жасаған. Кәсіпкер мәселені талқылау үшін осы жерге шақырылған еді. Бірақ ол келмеді. Онымен кездесу ертеңге жоспарланды.

Қалаға осындай залал келтірген кәсіпкер компенсация ретінде көшеттер отырғызып, заңнама бойынша айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Аудан әкімдігі қызметкерлеріне келер болсақ. Аталған жұмысқа жауапты маман ертең қызметінен босатылады.

Абаттандыру бөлімінің басшылығы мен оның осы мәселеге жауапты орынбасарына қатысты қызметтік тексеріс жүргізіледі.

Қабылданған шаралар туралы қосымша хабарлаймын», - деп жазды Қарағанды қаласының әкімі Facebook-тегі парақшасында.



видео: 5-канал


Фото: ekaraganda.kz



Соңғы жаңалықтар