Қарабек көлінде мөңке балықтың неден қырылғаны анықталып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Солтүстік Қазақстан облысында Қарабек көлінде қырылған балыққа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«3 шілдеде Солтүстік қазақстан облысы Қызылжар ауданының жергілікті тұрғындарынан Қарабек көлінде балық (мөңке балығының) қырылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Жануарлардың қырылу қаупі және өлімі анықталған кездегі өзара іс-қимыл сызбасына сәйкес барлық мүдделі органдар хабардар етілді. Аталған факті бойынша Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Солтүстік қазақстан облысы әкімдігі, Солтүстік қазақстан облысы бойынша экология департаменті және ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы өкілдері аталған су айдынына бірге барды. Тексеру барысында су қоймасының солтүстік-шығыс жағалауында 100 кг мөңке балық өлгені анықталды» деп мәлім етті ведомстводан.

Келесі күні де балық жинау жалғасып, бүгінде көлден алынған 560 кг мөңке жойылған.

Ветеринарлық қызмет пен экология департаментінің мамандары зерттеу жүргізу үшін су сынамасы мен балық ұшасын алды.

«Балықтың қырылу себебі туралы ақпарат зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін қосымша хабарланады» деп атап өтті министрлік.

Айта кетейік, біз бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылындағы Қарабек көлінде 400 кг балық қырылғанын жазған болатынбыз.

Қарабек көлінің аумағы - 10 га. Қызылжар ауданы Бескөл ауылының жанында орналасқан. Бұл резервуардағы балықтың түрлік құрамы - мөңке. Бұл су айдыны жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының тізбесіне кірмейді.


Соңғы жаңалықтар