«Қара тізімге» іліккен Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерін қайта түгендеді

None
None
АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті осы саладағы бақылау-қадағалау функцияларын атқарушы басқармалардың бос орындарына орналасуға жарияланған конкурстардың нәтижесінде авиациялық білімі бар және салада қызмет атқарған едәуір тәжірибесі бар мамандармен толықтай толықтырылды. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Айталық, Еуропалық авиациялық стандарттармен жұмыс атқарған тәжірибесі бар, қажетті курстардан өткен және тиісті сертификаттар алған ұшқыштар, ұшудың радиотехникалық жағдайын қамтамасыз ету және ұшу жарамдылығы жөніндегі инженерлер қабылданды.

Нәтижесінде 40 кәсіби инспектор авиакөлікте бақылау жасайтын болады. Олардың құзыретіне авиакомпанияларды, әуе кемелерін, әуежайларды, навигация нысандарын, оқыту орталықтарын және экипаж мүшелері мен инженерлердің біліктілік деңгейін тексеру кіреді.

Бас сарапшы-ұшу пайдалану басқармасының мемлекеттік инспекторы болып Тоты Әмірова тағайындалды. Ол - 13 жыл еңбек өтілі бар, қазір де ұшқыш, ТМД-дағы Boing-737, Airbus-320 әуе кемелерінің алғашқы әйел-командирі.

Қабылданған мамандардың арасында тәжірибелі ұшқыштар Игорь Петяшин, Сергей Ветрещак, Ғазиз Шілікбаев және басқалар бар. Олардың саладағы жұмыс тәжірибесі 25-30 жылдан кем емес, олар сонымен бірге инспектор және инструкторлардың да қызметін атқарады.

Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерінің санының аздығы мен авиакөлікті қадағалайтын мамандардың біліктілігінің төмендігіне байланысты Қазақстанның атышулы «қара тізімге» ілігуі ИКАО-ның 2009 жылғы аудит ескертпелерінің бірі болғандығын еске саламыз.

Соңғы жаңалықтар