Қар шаңғы спорты мектептерге пән ретінде енгізілді - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Күлтегін» қазақстандық мультфильмі Түркияда көрсетілді

Қазақстандық режиссер Адай Әбілдиновтің ІІ Шығыс Көктүрік қағанатының негізін қалаушылардың бірі Күлтегіннің өмірі туралы анимациялық фильмі 9-шы Малатия халықаралық кинофестивалінің арнайы бағдарламасына қатысты, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Фильм түрік тарихының ұлы қолбасшыларының бірі Күлтегін туралы баяндайды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін түрік ұлтын құтқару үшін күресте оған Үш Оғыз мырзалары мен інісі Білге және Көкбөрі көмектеседі. «Қазақфильм» киностудиясы толықметражды анимациялық фильмнің 9-шы Малатия халықаралық кинофестиваліне қатысқанына қуанышты екенін білдірді», - деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық БАҚ «Күлтегін» мультипликациялық фильмінің фестивальге қатысуына TRT-нің Нұр-Сұлтандағы өкілдігі де үлкен үлес қосқанын айтады.

Мультфильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясында түсірілген.

Қар шаңғы тебу мектептерге дене шынықтыру пәні ретінде енгізілді

Қытай Халық Республикасының Алтай қаласында орта-бастауыш мектептеріне қар шаңғы спорты дене шынықтыру пәні ретінде енгізілді. Яғни оқушылар жылқының терісінен жасалатын байырғы қар шаңғыны тебуді сабақ ретінде үйрене бастайды. Бұл хабар әлеуметтік желіде кеңінен таралып, желі қолданушыларының қызығушылығын тудыруда, деп хабарлайды kazakh.altxw.com ақпараттық порталы.

Аталған ақпарат көзінің мәліметіне сүйенсек, мұндағы мақсат – балалардың бойында көне далалық спортқа бейімділігін жетілдіру.

Алтай қаласындағы мектеп жаттықтырушысы Ма Жунның айтуынша, қар шаңғы спортын ересектерге қарағанда жас жеткіншектер тез игеріп алады екен.

«Қар шаңғы спортын оқушылар, әсіресе, бастауыш мектептегі оқушылар өте жақсы игеруде. Дүйсенбіден жұмаға дейін әр күні түстен кейін 2 сағат сабақ қойдық. Қазір еліміз қар-мұз спортымен шұғылдануды жақсы қолдауда. Сондықтан бұдан кейін оқушылар арнайы қар шаңғы алаңына бармай-ақ, мектеп ауласында да үйрене алатын болады», - дейді жаттықтырушы.

Ұланбатыр әлемдегі ауасы ең лас 10 қаланың тізімінен шығарылды

Ұланбатыр әлемдегі ауасы ең лас 10 қаланың тізімінен шығарылды. Бұл туралы дүниежүзі бойынша ауаның сапалық мәліметтерін жинайтын AirVisual халықаралық ұйымының мәліметіне сүйеніп моңғолиялық kaznews ақпараттық порталы хабарлады.

Порталдың мәліметіне сәйкес, Моңғолия астанасы ұзақ уақыттан бері әлемнің экологиялық лас қалаларының алғашқы ондығында тұрған. Түтін Ұланбатыр халқы үшін қыс түссе өзекті тақырыпқа айналған. Елдегі ең ірі өндіріс ошақтарының жартысынан көбі осында орналасқан. Оған көліктердің шамадан тыс көптігі мен тұрғындар санының артуы да әсер ететін. Тұрғындардың 60% киіз үйлерде тұрғандықтан, оларды жылыту үшін 2 млн тонна көмір кететін. Ал, Ұланбатыр қаласындағы 4 электр станциясы жылына 6 млн тонна көмір жағады. Осының салдарынан қаладағы экологиялық ахуал қауіпсіздік деңгейінен 17 есеге артып кеткен.

«Үкіметтің өкімімен биылғы мамыр айынан бастап шикі көмірді астанаға жеткізуге шектеу қойылып, қыркүйек айынан брикеттелген (ұнтақталған) көмір отынын пайдалану түтіннің азаюына септігін тигізген», - деп түйіндейді моңғолиялық БАҚ.

300 жылдық тарихы бар монша

Шейх моншасы – Ардебил қаласындағы ең ескі моншалардың бірі. Оның кіреберіс есігі қарапайым, бірақ кірпіштен өте әдемі қаланған, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі. Моншаның киім шешу орны 4 портик пен 4 бағаналы 8 қырлы бөлмеден тұрады. Бағандардың үстіне биік және қысқа қанатты жартылай күмбезді аркалар қойылған. Моншаның салыну тарихы белгілі емес, бірақ реставраторлар оның тарихы шамамен 300 жылдан асатынын айтады, деп жазады ирандық БАҚ.

Түркиядан шетелдіктердің үй сатып алу саны артуда

Түркияда шетелдіктерге тұрғын үй сату соңғы 10 айдың ішінде ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Атап айтар болсақ, тек қазан айында шетелдіктерге 4272 үй сатылған. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған ақпарат көзінің мәліметіне сүйенсек, биылғы қаңтар-қазан айларында шетелдіктер барлығы 36 мың 197 баспана сатылған. Өткен жылдың алғашқы он айында сатылған жылжымайтын мүлік саны 30 мың 431 болған еді. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда сату-сатып алу келісімшарттары 19 пайызға артқан. Жылжымайтын мүлік секторының өкілдері былтыр өзге елдер азаматтарының иелігіне 39 мың 663 тұрғын үй өткенін айтты. Биыл бұл көрсеткіш 40 мыңның көлемінде болуы мүмкін деп болжануда.

TRT-ның хабарлауынша, шетел азаматтары көбіне Ыстанбұлдан үй сатып алады екен.

«The Hu» өнер тобы Моңғолияның ең жоғарғы орденімен марапатталады

Республика күні және күнтізбе бойынша Шыңғыс ханның дүниеге келген қыс айының бірінші жұлдызы биыл 27 қарашаға сай келіп отыр. Осыған байланысты аталмыш даталар бірге тойланбақ.

Шыңғыс ханның дүниеге келген күнін «Моңғол мақтаныш күні» деп атап өту дәстүрге айналған. Бұл күнге орай мемлекет және қоғамға зор еңбегі сіңген, ұлттық береке-бірлікті нығайтқан, ұлттық құндылықтарды әлемге танытуға үлес қосқан Моңғолия азаматтары жыл сайын елдің ең жоғарғы марапаты - «Шыңғыс хан» орденімен марапатталады. Бұл туралы осы аптада моңғолиялық kaznews.mn ақпараттық порталы хабарлады.

Моңғолия Президенті Х.Баттулганың жарлығына сәйкес биылғы жылы орден «The Hu» тобына табыс етіледі. Бұл туралы арнайы өткен баспасөз мәслихатында Президент Әкімшілігінің аппарат басшысы З.Энхболд айтты.

Ақпарат көзінің мәліметінше, «The Hu» тобының «Yuve Yuve Yu, The Gereg» альбомы америкалық Billboard тізімінде көш бастаған. Ал «Yuve Yuve Yu» әнінің Youtube желісіндегі қаралымы 30 миллионға жуықтады.

«1924 жылғы 26 қарашада Моңғолия тәуелсіз және егемен мемлекет ретінде Моңғол Халық Республикасы атауымен құрылды және конституциясы қабылданды», деп жазады kaznews.

Өзбекстан биыл 4 млрд долларға алтын сатқан

Өзбекстанда биыл алтын экспорты 2018 жылға қарағанда біршама өскені байқалады, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың келтірген дәйегіне сүйенсек, мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше өткен жылмен салыстырғанда биыл алтын экспорты 2,6 есе артқан. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың қаңтар мен қазан айларында Өзбекстан экспорттаған алтын мөлшерінен ұлттық қорға 4,04 миллиард доллар қаржы түскен. Өзбекстанда соңғы жылдары алтын экспортының күрт өскені мына көрсеткштерден-ақ белгілі: 2015 жылы 823,9 млн, 2016 жылы 738,2 млн, 2017 жылы 1,6 млрд және 2018 жылы 2,91 млрд доллар болған.

Соңғы жаңалықтар