Қар мен көктайғақ: Алматыда күн райы бұзылады
«Қазгидромет» РМК хабарлауынша, алдағы күндері Алматыда қар жауып, көктайғақ болады. Ауа температурасы төмендейді.
26 қараша күні қалада көшпелі бұлт шығады, күндіз қар аралас жаңбыр жауады. Солтүстік-батыстан жел соғып, таңертең және күндіз оның күші 12 м/с жетуі ықтимал. Ауа температурасы төмендейді.
27 қарашада күн бұлтты. Түнде қалың қар жауады. Жолдарға мұз қатып, көктайғақ болады. Ауа температурасы түнде - 8 – 10 градусты көрсетеді.
28 қарашада көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Ауа температурасы түнде 8-10 аяз, күндіз 3 градус жылы болады.
Бұған дейін Қазгидромет 2021 жылғы қарашаға арналған консультативтік ауа райы болжамын жариялаған еді.
Екінші онкүндіктің бірінші жартысында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райын солтүстік-батыс циклон анықтайтын болады, соған байланысты құбылмалы ауа райы күтіледі: екпінді жел, бұрқасын, жауын-шашын (көбінесе қар түрінде) болады. Содан кейін суық ауа массаларының Ресей аумағынан енуімен екінші онкүндіктің соңында, үшінші онкүндіктің басында және соңында температуралық фонның төмендеуі болжанады.