Қар басып қалған ауылда толғағы қысқан 3 жүкті әйелге көмек көрсетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ ТЖК жолы жабылып қалған ауылдарда тұратын жүкті әйелдерге көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

23 қаңтар күні сағат 17:57-де Нұр-Сұлтан қаласындағы Апаттар медицинасы орталығы филиалының диспетчерлік пунктіне Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылындағы аяғы ауыр әйелдің толғағы басталғаны туралы хабарлама келіп түскен.

«Әйелді дереу перзентзанаға жеткізу керек болды. 3 минут ішінде қажетті техника мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жұмылдырылып, жолға шықты. Ауа райы жағдайы қолайсыз болғандықтан ауылға дейін жол талғамайтын көлікпен жетіп, ары қарай ТРЭКОЛ көлігімен жеттік. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң әйелді перзентханаға жеткіздік. Ауылға барар кезде арнайы топ құрылып, оны подполковник Болат Хамзин басқарды. Олар оқиға орнына тез жету үшін қандай жолдармен жүру керек екенін айтып, жедел хабарлап отырды. 24 қаңтар күні таңғы сағат 05:20-да Қараөткел ауылынан келген жүкті әйел өмірге ұл алып келді. Жалпы 23 қаңтар күні ауа райы қолайсыздығына байланысты біздің көмегімізбен үш жүкті әйел перзентханаға жеткізілді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы ТЖД-ның аға офицері, подполковник Эльдор Райымбеков.

Толғатқан әйелді перзентханаға алып келген кезде Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қызылсу ауылындағы тағы бір жүкті әйелді перзентханаға жеткізу керектігі туралы хабарлама түседі.

«Қызылсу ауылына барар жолды қар басып қалғандықтан, жол таңдамайтын техникамен жүру де қиын болды. Оны перзентханаға бірнеше сағатта жеткіздік», - дейді ол.

Жедел әрекет ету бригадасының дәрігері Сәнкей Гүлжайна жүкті әйелдердің денсаулық жағдайы туралы айтты.

«Қараөткелден келіп босанған әйел мен сәбиінің денсаулық жағдайлары жақсы. Оны екі сағат ішінде перзентханаға жеткіздік. Біздің мекемеде қажет болған жағдайда босандырып алуға арналған құрылғылар бар және барлық жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсете аламыз. Қызылсу ауылындағы жүкті әйелді барып-келуімізді қосқанда 8-9 сағатта перзентханаға алып келдік. Қазір ол толғақ үстінде. Жылпы осындай қолайсыз ауа райы жағдайында босану жағдайы жылына 3-4 рет болып тұрады», - дейді Сәнкей Гүлжайна.

Қараөткел ауылының тұрғыны, дүниеге ұл бала алып келген Динара Қарымсақова мамандарға алғыс айтты.

«Бұл - үшінші сәбиім. Екінші балам мен осы сәбиімнің арасы 8 жыл, яғни ұзақ күткен сәбиіміз. Осы мамандар болмаса үйде босанып қалар ма едім», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар