Каптагон есірткісі: Таяу Шығыс елдері үшін басты қатер

None
Фото: AFP
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кейінгі жылдары Таяу Шығыс аумағында каптагон ескірткісі кең таралып барады. Тәуелсіз зерттеушілердің пікірінше, бұл препарат ірі көлемде Сирияда өндіріледі. Бүгінде ол Сириядан Иордания арқылы Парсы шығанағының ауқатты елдеріне жеткізіледі. Себебі онда арзан есірткіге сұраныс жоғары. Бұл мәселе тек аталған мемлекеттерді ғана алаңдатып отырған жоқ. Соңғы 5 жылда Қазақстанда да синтетикалық есірткі тұтынатын балалар мен ересектер саны 14 есе өсті. Ал ІІМ ақпаратынша, еліміздегі нашақорлар саны ресми деректен 5 есе көп. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі ғасыр дертіне анайлған кеселден Таяу Шығыс пен елімізге қандай қауіп болатынын бағамдап көрді.

Иорданияда таралған каптагон

Былтыр желтоқсан айының соңында Иорданияның кеден басқармасы Ирактан Әл-Карама шекара пунктіне құрма пастасы ретінде контрабандалық жолмен әкелінген бір тонна каптагон таблеткасын тәркіледі. Корольдік билігінің дерегінше, бұл - бұрын-соңды анықталған ең ірі есірткі партиясы.

Бүгінгі таңда препарат Таяу Шығыста ең көп сұранысқа ие есірткі саналады. Оны «кедейлерге арналған кокаин» деп те атайды. Жоғары сапалы каптагонның бір таблеткасы бөлшек саудада 25 доллар тұрса, ең нашарларының құны 1 доллар.

Фото: lrt.lt


Бұл препарат неліктен танымал болды?

Каптагон - бұл 1960 жылдары нарколепсияны, шаршауды және мінез-құлық бұзылыстарын емдеу үшін қолданылған амфетамин мен метамфетаминге балама ретінде синтезделіп жасалған зертханалық препараттың қазіргі саудадағы атауы.

Алғашқы кезеңде дексамфетамин ұзақ уақыт сергек жүріп, үрей мен қорқыныш сезімін сейілту үшін сарбаздарға қолданылған. Каптагон осы дәрі-дәрмектердің балама әрі аз залалды нұсқасы болуы керек болатын. Алайда, 1980 жылға қарай АҚШ үкіметі оны медициналық мақсатта қолданылмайтын, бірақ бақылауда ұстауға болатын препарат деп таныды.

Каптагонды ұзақ уақыт тұтыну депрессия тудырып, ұйқыны азайтып, жүрек пен қан ауруларына және тәбеттің төмендеуіне алып келетін салдары дәлелденгеннен кейін, әлемнің көптеген елдерінде оған тыйым салынды.

Фото: AFP

«New Lines Institute» америкалық зерттеу институтының мәліметі бойынша, есірткі алғаш рет 2010 жылдардың ортасында ДАИШ, яғни «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым – автор) содырларының тұтынуы мен сатылымға шығаруына байланысты танымал болды және кеңінен таралды. Оны Сириядағы азаматтық соғысқа қатысушылар да қолданып, препараттың әсері ұрыс даласында қорқыныш сезімін сейілтетінін мәлімдеді.

«Arab Center Washington DC» зерттеу орталығының есебіне сәйкес, «Captagon» брендімен белгілі амфетамин фенетиллині Парсы шығанағындағы араб елдерінде, әсіресе Сауд Арабиясындағы жастар арасында кең қолданылатын есірткіге айналып барады.

Орталықтың мәліметінше, жоғары жұмыссыздық деңгейінен шаршаған жастар каптагонды бір сәттік ләззат үшін тұтынып, кейін тәуелді болып жатыр.

Фото: AFP

Сирия үкіметі каптагонға қарсы қатаң шаралар қабылдағанына қарамастан, бұл мемлекет әлі күнге дейін препараттың негізгі өндірушісі болып отыр. Кейін мұнда жасалған таблеткалар құрлық жолдарымен Иорданияға жеткізіледі, артынша ол Парсы шығанағы елдеріне жөнелтіледі.

Каптагон есірткінің жаңа түрі ме?

Сарапшылар «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым – автор), сондай-ақ басқа да экстремистік топтар қолданған каптагонның 1980-ші жылдары өндірілген каптагоннан айырмасы жоқ деп есептейді. Бүгінде бұл есірткі түрі адамды тәуелділікке алып келеді және саналы ойлау қабілетінен айырады.

Сарапшылар препаратты амфетамин мен кофеинді қолдана отырып, оңай жасауға болатынын мәлімдеді. Ол үшін өндірушілердің химия саласы бойынша базалық білімі болса жеткілікті.

Фото: AFP


Иордания контрабандаға қарсы күресті күшейтті

Бүгінде Иордания каптагонның Сириядан Сауд Арабиясына бағыттайтын негізгі транзиттік жолдарының бірі. Транзиттік дегенмен, есірткінің бір бөлігі бұл елдің де территориясында қалып отырады.

Былтыр қаңтарда Сириядан Иордания шекарасының түрлі аумақтары арқылы корольдікке кірмек болған 27 есірткі тасымалдаушының жолы кесілді. Олардың кейібірі жарақат алып, бірнешеуі Сирияға қайта қашып кеткен. Иордания әскері оқиға орнында ірі көлемдеғі есірткі партиясын тәркіледі.

Фото: «Petra» Jordan News Agency


Сол айда иорданиялық офицер Мұхаммед Худейрат контрабандашылардың қолынан қаза тапты. Оның өлімі корольдікте үлкен резонанс тудырды. Иорданияның мұрагер ханзадасы Хусейн бин Абдалла марқұмның отбасына көңіл айту үшін офицердің туған жері Ирбит қаласының шетіндегі Дейр-аль-Синихке барды.

Бұған жауап ретінде Иордания әскері есірткі жеткізушілерге қарсы шараларды күшейте түсті. Штаб бастығы генерал-майор Юссеф Хунейти Қарулы күштердің атыс ережесін өзгерту және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін кез келген қатерді қатаң жаншуды тапсырды.

Фото: Jordan Armed Forces

Иордания билігі Сирияның оңтүстік үкіметінің бақылауындағы аудандарда жұмыс істейтін Ливанның «Хезболла» қозғалысы мен Иран қолдайтын басқа да жасақтардың корольдік аумағына есірткі тасымалдауды көбейткенін қатаң айыптады.

Фото: Аль-Араби Аль-Джадид

«Сирияның адам құқықтары жөніндегі обсерваториясы» үкіметтік емес ұйымы Сирияның оңтүстігіндегі Сувейда қаласы «Хезболла» мен сириялық әскерилер қатысатын есірткі контрабандасының негізгі ошағына айналғанын хабарлады. Сонымен қатар, бірқатар халықаралық БАҚ Сирия билігін есірткі өндіру мен таратуға қатысы бар деп айыптады.

Өз кезегінде Сирия үкіметі каптагон өндірісін тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын алға тартып, контрабандаға қатысы жоқ екенін бірнеше рет ресми мәлімдеді.

Фото: АFP


Каптагон жеткізілетін елдер қатары көбейді

2021 жылдың сәуірінде Сауд Арабиясы Джидда портында Ливаннан әкелінген анар жемісінің ішіне жасырылған 5,3 млн каптагон таблеткасын тәркіледі. Кейін бұл оқиғаның соңы шиеленіске ұласты. Атап айтқанда, Сауд Арабиясының билігі Ливаннан кез келген ауылшаруашылық өнімдерін импорттауға тыйым салды.

Былтыр Сауд Арабиясы ұн қапшықтарына жасырылған тағы 46 млн таблетканы тәркіледі.

Бұл ретте, Ливан билігі де өз елінен жөнетілмек болған есірткі партияларының жолын кесуде. Мәселен, биыл 6 наурызда Ливанның ішкі қауіпсіздік күштері Африка еліне жіберуге арналған 160 мың каптагон таблеткаларын анықтап, бұл іске қатысы бар күдіктіні қамауға алды. Бұған қоса, өткен жылы желтоқсан айының соңында Сауд Арабиясына бағытталмақ болған 250 мың каптагон таблеткасын тәркіледі.

Бүгінде аталған есірткі түрі Сириядан келеді және Ливан арқылы жеміс пен көкөністер ретінде өзге мемлекеттерге тасымалданады.

«New Lines Institute» орталығының дерегінше, каптагон саудагерлері енді Солтүстік Африка мен Оңтүстік Еуропа нарығына кіріп жатыр. Бұл мемлекеттер есірткіні өзге елдерге шығуға арналған транзиттік аймақтар ма, әлде олар сауда ошағы ма – бұл белгісіз.

Есірткіден түсетін пайда Сирияның ұлттық бюджетінен 3 есе көп

«Каптагон саудасы – бұл Таяу Шығыс пен Жерорта теңізіндегі қарқынды дамып келе жатқан заңсыз экономика», – делінген «New Lines Institute» орталығының есебінде. Тек тәркіленген ауқымды каптагон партиялардың құны 2021 жылы 5,7 млрд доллардан асқан. Айта кету керек, есірткі айналымының бұл көрсеткіші Сирияның барлық заңды экспортынан бірнеше есе көп.

Фото: Saudi Press Agency

«Сирияның адам құқықтары жөніндегі обсерваториясының» бағалауы бойынша 2021 жылдың наурызында Сирияда заңсыз есірткі шығаратын 14-ке жуық зауыт болған.

Есірткінің аталған түрі өндіріс құнының төмендігі мен қомақты пайда себебінен кең таралған. Яғни, 10 партияның тек біреуі ғана межелі жерге жетсе, өндіруші өз шығынын ақтай алады.

AFP тергеуіне сәйкес, әлемдегі каптагон тасымалының 80 пайызы Сирияға тиесілі. Бұл Сирияның бүкіл ұлттық бюджетінен 3 есе көп.

Фото: AFP

Контрабандашылардың бірі мәлімдегендей, 10 млн долларға бағаланған каптагонның бір партиясы жеткізу және өзге де шығындардың құнын толық жабады және 180 млн доллар пайда әкеледі.

Қазіргі таңда каптагонның көп таралып, оған тәуелді адамдар санының артуы Таяу Шығыс елдерін алаңдатып отыр.

Фото: BBC


Соңғы жаңалықтар