Қапшағайда жоғалған балықшының денесі қайықтан табылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 24 қараша күні Қапшағай су қоймасына балық аулауға шығып, артынша жоғалып кеткен екі балықшының біреуінің мүрдесі табылды. 1961 жылғы азаматтың мүрдесі резеңке қайықтың ішінен шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«27 қараша күні сағат 17:00 шамасында  іздеу тобына Қапшағай су қоймасының оңтүстік жағалауында іздеуді жүргізіп жүрген еріктілерден Шелек ауылы манында жергілікті балықшымен резенке қайық табылғандығы туралы қонырау түсті. Қайықтың ішінде қаза болған балықшының денесі табылған»,- делінген Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

 Аталған ведомства өкілдері, балықшылар ауа-райының қолайсыздығына қарамастан балық аулауға шығып кеткен деп отыр. Өйткені, 22 қараша күні Алматы облысының тұрғындарына 24 қараша күні  қатты жел соғып, ауа-райының қолайсыз болатындығы жөнінде хабарлама таратылған болатын. Бірақ, осыған қарамастан  Қапшағай қаласының екі тұрғыны Қапшағай су қоймасына балық аулауға шығып кеткен.

«Анықталғандай, олар екі орынды резенке қайыққа ауа толтырып суға түсірген. Суға шықпаулары туралы бір балықшы  оларға  ескертіпті. Өйткені жақын арада қараңғы түсіп жел күшейуі мүмкін деген. Осыған қарамастан олар бәрібір суға шыққан. Біраз уақыттан соң күшті жел соққандықтан ол балықшыларды көру үшін вагоннан сыртқа шыққан, алайда екі балықшы  сол уақытта ешжерде көрінбеген. Күшті желдің және үлкен толқынның салдарынан суда құтқару жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі болмады. Тек ұзындығы 10 км жағалау қиығының учаскесі ғана тексерілді.Іздеу жұмыстары нәтиже бермеді», - деп мәлімдеді облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.

Ал жоғалған 1969 жылғы екінші балықшы әлі табылмады. Іздеу жұмыстары жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы облысында жоғалған 4 балықшы іздестіріліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.  Жоғалғандардың жоғалған мекен-жайлары әр түрлі. Әзірге тек бір адамның ғана мүрдесі табылды.

Соңғы жаңалықтар