Қапшағайда үздік триатлоншылар анықталды

None
None
ҚАПШАҒАЙ. ҚазАқпарат - Қапшағай су қоймасының жағалауында триатлоннан «спринт» қашықтығы бойынша (750 м жүзу, 20 км веложарыс, 5 шақырым жүгіру) триатлоннан Қазақстан чемпионаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайысты қазақстандық және Алматы қалалық триатлон федерациялары ұйымдастырған.

«Чемпионаттың екінші күні Age Group санатындағы спортшылар күш сынасты. Еліміздің түрлі аймақтарынан, Ресей мен Украинадан келген 18 бен 59 жас аралығындағы 120 спортшы 8 жас топтарында додаға түсті. Сонымен қатар, сайысқа төрт эстафеталық команда қатысты. Жанкүйерлердің назары доданың фавориттері алматылық спортшылар Максим Мазур мен Нағима Керімбаевада болды. Көшбастаған спортшылар жанкүйерлерінің үмітін ақтап шықты. Сайыстың басынан бастап Максим Мазур адам сенгісіз жылдамдық алып, өзінің қарсыластарына бір де бір мүмкіндік қалдырмады. Бірінші жүзу кезеңін өткен кезден-ақ ізіне түскен қарсыласынан 4 минутқа озып келді. Осындай қарқынмен ол велокезең мен жүгіруді оңай өтіп, жалпы қашықтықты 1 сағат 7 минутта аяқтады», - делінген хабарламада.

Айта кеткен жөн, Максим Мазур - Age Group санатының спортшысы ғана емес, Almaty Triathlon Federation бас бапкері. Күні кеше ғана ол өзінің оқушыларына жанкүйер болып жүрген еді. Енді бүгін өзі де нағыз шеберлігін танытты.

Әйелдер арасында әйгілі алматылық триатлоншы, Каилуа-Конадағы Ironman әлем чемпионаттарында екі рет мәреге жетіп, Diamond Lady атанып кеткен Нағима Керімбаеваға теңдесер ешкім болмады. Қапшағайдағы чемпионатта Нағима керемет нәтиже көрсетті. Ол «спринтерлік» қашықтықты 1 сағат 18 минут 4 секундта бағындыра білді.

Эстафеталық командалар арасында 1 сағат 18 минут 45 секунд нәтижесімен Нұр-Сұлтаннан келген Arlan Team үздік атанды.

Соңғы жаңалықтар