Қапшағайда ұрлық жасады деген күдікпен бұрын сотталған төрт адам қолға түсті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Қапшағай полицейлері пәтер ұрлығын жасаған кезекті қылмыстық топты қолға түсірді. 25-32 жас аралығындағы 4 азаматтан құралған топты құрықтау кезінде қылмысты әшкерелейтін айғақзаттар табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұсталған күдіктілер Алматы қаласының тұрғындары екені және бұрын да осындай қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

«Күдіктілер Қапшағай қаласынан шыға берісте ұсталды. Олардың автокөлігінен екі ноутбук және қала тұрғындарынан бұған дейін ұрланған басқа да заттар табылды. Қазіргі уақытта күдіктілер мүлікті ұрлаудың 6 дерегіне қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. Оның бесеуі - Қапшағай қаласында, біреуі - Заречное ауылында жасалған. Жоғарыда аталған қылмыстардың барлығы көпқабатты үйлерде жасалған»,- деп хабарлайды Қапшағай қаласы полициясы бастығының орынбасары Азамат Тұрғынбаев.

Анықталған фактілер бойынша келтірілген материалдық шығын 600 мың теңгені құрап отыр. Бұл іс бойынша бүгінгі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Сонымен қатар, күдіктілердің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Соңғы жаңалықтар