Қапшағайда табылған медициналық қалдықтар бойынша әкімдік жауап берді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қапшағай қаласының «Шығыс» ықшам ауданы маңындағы шұңқырлардан көп көлемде медициналық қалдықтар табылды. Дабыл қаққан тұрғындар тамырға салатын инелер мен шприцтардың шашылып жатқан видеосын түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сол маңда балалар ойнап жүргенін айтқан азаматша мұндай немқұрайлық адам өмірі мен денсаулығына қауіпті деп алаңдаулы. Сондай-ақ, шұңқырға жиналған су Қапшағай су қоймасына ағып, экологияға кері әсерін тигізуі мүмкін деп отыр. Шаһар басшылығы қазіргі таңда медициналық қалдықтардың ол жерге қайдан келгенін анықтау үшін тәртіп сақшыларына тапсырма беріп, инелер үйіндісінің көзін жойған.

«2021 жылғы 25 наурызда Қапшағай қаласының тұрғыны Шамаева Марианна өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунтынан фото-бейнематериалдарды жариялаған болатын. Бұл Қапшағай қаласының «Восточный» және 12 шағын аудандарының аралығындағы пайда болған көлшікте медициналық қалдықтардың тасталғаны белгілі болды. Мұнда пайдаланылған шприцтер, науқастарға қойылатын системалық заттар, мақта, орама қағаз қораптарын көру болады. Осы мәлімет хабарланған сәттен бастап, қаланың тұрғын үй коммуналдық және өңірлік коммуналдық қызметінің қызметкерлері оқиға орнына шығып, фото-бейне тіркеу және медициналық қалдықтарды жинау жұмыстарын жүргізді. Содан кейін, аталған медициналық қалдықтар талаптарға сәйкес толықтай жойылды.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы Әкімшілік құқық бұзушылықты жасаған белгісіз адамды немесе ұйымды анықтау үшін іс-шаралар жүргізуде»,- деп жауап берді Қапшағай қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ардақ Қасымханова.


Соңғы жаңалықтар