Қапшағайда күзетшілерді ұрған полицейлер қамауға алынды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қапшағайда кафенің екі күзетшісін ұрған полицейлер уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бейнежазбада күзетшілерді ұрып жатқан полиция қызметкерлері екені көрініп тұр. Бірден ол адамдар ішкі істер органынан жұмыстан шығарылды. Кафенің барлық адамдарынан түсініктеме алынды. Олар да полицейлердің тарапынан бұзақылық әрекеті болғанын растап берді. Екі күзетшіден бұзақыларды қылмыстық жауапқа тарту жөнінде арыз түсті. Біз өз ұстанымымызда қаламыз, заңды бұзғандар жауапқа тартылады. Барлық тәртіп бұзған полицейлер заң алдында жауап береді. Кеше олар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды»,- деді Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев Instagram желісінде тұрғындармен жүргізілген тікелей эфир барысында.

Естеріңізге сала кетейік, бүған дейін әлеуметтік желілерде Қапшағай қаласының полицейлері ішімдік ішіп алып, кафенің күзетшілерін ұрды делінген жазба тараған болатын. Жанжалдың туындауына күзетшінің әрекеті себеп болған. Яғни, ол демалушыларға демалыс орнының жабылатынын айтып, бірнеше рет ескерту жасаған. Бұл жайт тәртіп сақшыларына ұнамағанға ұқсайды. Сол себепті күзетшілерді ұрған болуы мүмкін.

Артынша кафе күзетшілерін ұрған 4 полиция қызметкерлері жұмыстан қуылды.


Соңғы жаңалықтар