Қапшағайда гидроциклден құлаған ер адам суға кетті

None
None
ҚАПШАҒАЙ. ҚазАқпарат – Қапшағай су қоймасында қауіпсіздік кеудешесі жоқ 40 жастағы ер адам гидроциклмен қатты бұрылмақ болып, құлап түсіп суға кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИИДМ Көлік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«24 шілдеде Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында орналасқан жағажайда қауіпсіздік-құтқару кеудешесі жоқ күйде 1980 жылғы Б. есімді ҚР азаматы тіркеуде жоқ гидроциклмен су айдынына шығып, су бетінде маневр жасай бастаған. Кезекті бұрылыста суға құлап батып кеткен. Қазір Алматы облысы бойынша ТЖД қызметкерлері оның денесін іздестіріп жатыр», делінген хабарламада.

Көлік комитеті су айдындарында шағын көлемді кемені қауіпсіз пайдалану нормасын сақтау қажеттілігін ескертеді.

Мекеменің мәліметінше, шағын көлемді жүзу құралдарын мынандай жағдайда пайдалануға тыйым салынады:

- құтқару кеудешесін киіп, не алып шықпай;

- шағын көлемді кемені басқару куәлігінсіз;

- жолаушылар сыйымдылығы нормасын сақтамағанда;

- техникалық ақау болған жағдайда және т. б.

Жоғарыда көрсетілген қауіпсіздік нормаларын бұзбағанда су көлігіндегі оқиғалардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Айта кетсек, флотта апатты болдырмау және суда адамдардың өмірін сақтау мақсатында Көлік комитетінің аумақтық бөлімшелері 1 маусымынан бастап еліміздің барлық су айдындарында «Скутер» акциясын бастады.

«Бүгінгі күні көлікті бақылау органдарының қызметкерлері 1 205 шағын көлемді кемені тексеріп, нәтижесінде 244 кемшілікті анықтады, жалпы сомасы 1 млн 518 мың теңгеге айыппұл салынып, 30 кеменің пайдалануына тыйым салынды», делінген хабарламада.

Көлік комитетінің баспасөз қызметі, су айдынында кемелерді қауіпсіз пайдалану талабы бұзылғанын көрген жағдайды осы туралы тәулік бойы жұмыс істейтін Көлік комитетінің Ахуалдық орталығының нөміріне хабарлауды сұрайды. Фото және бейне материалдарды Whats App мессенджері арқылы 8 708 088 08 00-ге жіберуге болады.

Еске сала кетсек, Қапшағайдағы демалыс орындарының жұмысы 2 тамызға дейін тоқтатылды.



Соңғы жаңалықтар