Қапшағайда бетперде киіп дүкен тонаған қылмыстық топ ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында үш адамнан құралған қылмыстық топ дүкендерге қарулы шабуыл жасаған. Қазіргі таңда ұсталған күдіктілер Қапшағай қаласындағы төрт тонауға қатысы бар деген күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаментіндегі баспасөз қызметінің мәліметінше, қаңтар айының басында Қапшағай қаласының полициясына белгісіз қарақшылардан зардап шеккен жеке дүкен иелері шағымданған.

Жеке кәсіпкерлер берген ақпаратқа сәйкес тапаншамен қаруланған, бетперде киген белгісіз біреулер кешке дүкенге баса-көктеп кіріп, қарумен қорқыту арқылы барлық ақшаны тартып әкеткен.

Қылмыстардың ұқсастығын ескеріп, тәртіп сақшылары бұл шабуылдарды бір қылмыстық топ істеуі мүмкін деген болжам жасайды.

«Ең тәжірибелі қызметкерлерден құрылған жедел-тергеу тобы қарақшылық жасады деген күдікке ілінген жергілікті үш тұрғынды ұстады. Қазіргі уақытта олардың екеуі қамауға алынды», - деді Қапшағай қаласы Полиция бөлімінің бастығы Эльдар Әбдікенов.

Іс-шара барысында күдіктілерден қылмыс жасағанда пайдаланылуы мүмкін тапанша және өзге жеке заттар тәлкіленді және іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді.

«Бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілерден тәлкіленген қару сараптамаға жіберілді. Күдіктілердің өңірдегі осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталып жатыр», - деп атап өтті полиция өкілі.

Айта кетейік, аталған ведомства таратқан ақпаратқа сәйкес, ұсталған күдіктілердің біреуі кәмілет жасқа толмағанына байланысты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ата-анасына тапсырылған.

Соңғы жаңалықтар