Қапшағайда 33 жұмысшы жарты жылдан бері айлықтарын ала алмай жүр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қапшағай қаласындағы «Рязанов атындағы №25 Мостостроительный отряд» ЖСШ-нің 33 жұмысшысы 7 айдан бері айлықтарын ала алмай жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қапшағай қалалық әкімдігінің мәліметінше, аталған мекеме жұмысшылардың алдында 6 500 000 теңге берешек.

«Жұмысшылар бірнеше айдан бері айлық төленбегендігін айтып әкімшілік мамандарына шағым түсірді. Осыған орай, қала ғимаратының кіші залында жиын өтіп, оған өңір басшысының орынбасарлары Сағдат Шатанұлы, Ілияс Сейтбекұлы және аталмыш серіктестіктің бірыңғай персоналды басқару қызметтік бөлімінің басшысы Ержан Оралбаев қатысып, келген азаматтарға бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Нәтижесінде биылғы жылдың тамыз айының соңына дейін қарыз толықтай төленетін болады. Мекеме берешегі 6 500 000 теңге»,- делінген Қапшағай қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Бұған дейін арызданушылар қала прокуратурасына, Алматы облысының еңбек инспекциясына талап-арыз жазған. Осыған байланысты «Рязанов атындағы №25 Мостостроительный отряд» ЖСШ-не екі рет айыппұл салынған.

«Бұл мәселе бүгінгі күні облыстың еңбек инспекциясының және қала әкімдігінің қатаң бақылауында. Сондай-ақ, жоғарыда көрсетілген мерзім ішінде серіктестік берешегін өтемеген жағдайда іс әрі сотқа жолданатын болады»,- деп толықтырды аталған ведомство қызметінен.

Соңғы жаңалықтар