Қапшағай су қоймасында шабақтар қырылып қалды

None
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Алматы облысында шабақ балықтар қырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында әлеуметтік желіде тараған видеодан белгілі болды. Онда жүздеген өлі шабақтың жағаға шығып қалғанын көруге болады. Куәгерлердің айтуынша, бұл жағдай Қапшағай су қоймасының Арыстан тауы маңында болған.

Оған қатысты Алматы облысының прокуратурасы түсінік берді.

«Бұл факті бойынша Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының өкілдерінен, қорықшылар, қалалық әкімдік пен экология департаменті қызметкерлерінен ведомствоаралық комиссия құрылды. Тексеруден кейін тиісті баға беріледі. 1 қарашада осы учаскеде «Айна Су» ЖШС 30 мың шабақты суға жіберген. Алдын ала мәлімет бойынша, қатты дауыл кезінде шабақтардың бір бөлігі жағалауға лақтырылып қалған» делінген хабарламада.

Айта кетейік, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев Балық шаруашылығы комитеті инспекциясының мамандары мән-жайды анықтау үшін су айдынына барғанын жеткізді.

«Сонымен қатар, нұсқаулыққа сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар арнайы комиссия құру үшін хабардар етілді. Қосымша ақпаратты уақытымен хабарлап отырамыз» дейді ол.


Видеодан алынған кадр





Соңғы жаңалықтар