Қапшағай су қоймасында Қазақстанның үздік триатлоншылары анықталды

None
None
ҚАПШАҒАЙ. ҚазАқпарат - Сенбі күні Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасында U15, U17 және Elite санатындағы спортшылар арасында триатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жарыс «спринт» және «супер-спринт» қашықтықтарында өтті. Онда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Ақмола, Жамбыл облыстарынан барлығы 94 спортшы бақ сынады.

null
«Қапшағай жарыс қатысушыларын ыстық күнімен, суық суымен қарсы алды. Салқын әрі жаңбырлы көктемнің себебінен көл суы жылып үлгермеген-ді, су температурасы бар болғаны 12,5°С көрсетіп тұрды. Дегенмен, төрешілер сайыстың өтетінін хабарлады. Бұл чемпионаттың тағы бір ерекшелігі - Elite (ерлер) санатындағы 32 спортшы екі кезеңді сайыста өздерін сынап көрді. Квалификациялық қашықтықты өткеннен кейін үздік он спортшы финалда күш сынасты. Ақтық сында олар тағы бір қашықтық - «супер-спринт» (жүзу - 300 м, велокезең - 8 км, жүгіру - 2 км) қашықтығын бағындырып, өзара мықтыны анықтаулары керек болды», - делінген ақпаратта.

Нәтижесінде абсолютті үздік уақыт - 24 минут 47 секунд елордалық Дарын Қонысбаевқа тиесілі болды. Оған бір минуттай ұтылған Семен Пивоваров (Шымкент) екінші атанды. Оның уақыты - 25 минут 35 секунд. Үздік үштікті 25 минут 57 секунд нәтижесімен Дэнис Туницкий (Ақмола облысы) тұйықтады.

null
Әйелдер «спринт» (жүзу - 750 м, велокезең - 10 км, жүгіру - 5 км) қашықтығында ғана сайысты. Әйтсе де, бәсеке күшті болды. Мәреге 1 сағат 6 минут 24 секунд нәтижесімен Арина Шульгина (Нұр-Сұлтан) бірінші болып жетті. Жеңімпазға бір жарым минут жеңілген Ақмола облысының тумасы Ашраф Камалова екінші болды. Оның уақыты - 1 сағат 7 минут 58 секунд. Алматылық Дарья Бычкова үшінші атанды (1 сағат 9 минут 21 секунд).

Ересек санаттағы спортшылардан кейін чемпионаттың жүлделі орындарын жасы кішірек спортшылар ойнатты. U15 санатында «супер-спринт» қашықтығында (судың суықтығына байланысты жүзу кезеңі болмайтын болды) қыздар арасында үздік атанғандар: 26 минут 33 секунд нәтижесімен Арина Пихидько (Ақмола облысы), 27 минут 38 секунд уақытымен Анастасия Захарова (Шымкент) және 28 минут 45 секундпен Хафиза Гультураевалар (Шымкент) болды.

null
Осы санаттағы бозбалалар арасында алматылық Александр Тен (қорытынды уақыты 21 минут 56 секунд) жеңімпаз атанды. Екінші орын Максим Шмуличке (Ақмола облысы) бұйырды, уақыты - 23 минут 68 секунд. Қола медаль Медхат Даировқа (Ақмола облысы) табысталды. Нәтижесі - 24 минут 5 секунд.

U17 санатындағы үздік орындар келесідей үлестірілді. Қыздар арасында Ақмола облысының тумасы Наталья Короткова (25 минут 12 секунд) бірінші атанды. Ал жүлделі екінші және үшінші орындарды Шығыс Қазақстан облысынан келген Маргарита Гарикова (26 минут 24 секунд) және Виктория Бабина (26 минут 48 секунд) өзара бөлісті.

17 жасқа дейінгі ерлер арасында чемпиондық атақты Түркістан облысынан келген Ерасыл Аманжолов (22 минут), екінші және үшінші орындарды Ақмола облысының спортшылары Мұрат Жакен (22 минут 22 секунд) мен Рашид Романчук (22 минут 35 секунд) иеленді.

Соңғы жаңалықтар