Қапшағай су қоймасынан жапондық асшаян табылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қапшағай су қоймасынан жапон асшаяны табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында жария еткендей, «ҚазҰЗИ балық шаруашылығы» ЖШС ғалымдары су қоймасынан халық «жапон асшаяны» деп атап кеткен шаяндардың жаңа түрін анықтаған.

«Жапон асшаяны алғаш рет Қапшағай су қоймасының жоғарғы жағынан (Іле өзенінің сағасында) 2009-2010 жылдары табылған еді. Шаянның бұл түрінің дене ұзындығы - 10 см-ге дейін. Ал бұрын резервуарда мекен ететін асшаяндардың ұзындығы 5-6 см-ден аспайтын», - деп жазады ол.

Әдетте, аталмыш асшаянның мекен ету орындары - Жапония, Қытай, Корея, Вьетнам және Ресей су қоймалары.

АШМ өкілінің айтуына қарағанда, аталмыш асшаянның дәмі тіл үйіретіндіктен, адамдар оны жаппай аулауды кәсіпке айналдырған. Әсіресе, Азияның оңтүстік-шығысында бұл шаруашылық ерекше дамыған көрінеді.

«Бізге жақын аудандарда қытайлық табиғи ресурстарды пайдаланушылар осы асшаянды өсіретін болуы керек. Содан барып жапон асшаяны осы су қоймасына жеткен. Соңғы уақытқа дейін біз су қоймасында ірілеу асшаяндардың көптеп таралмауына ауа райы жағдайы себеп болуы мүмкін деген ойда едік. Бірақ 2018 жылы алынған ғылыми қорытындылар ірі асшаяндар су қоймасында таралып қана қоймай, жыртқыш көксеркелердің азығына айнала алатынын көрсетті. Осыған орай, асшаяндар су қоймасындағы экожүйеде өз орнын алады», - дейді Сәкен Ділдахмет.

Соңғы жаңалықтар