Капиталды елге қайтару және офшорға қаржы шығаруға тосқауыл қою жұмыстары жүргізіледі – Тоқаев
2022 жылғы 21 қаңтар 15:37

Капиталды елге қайтару және офшорға қаржы шығаруға тосқауыл қою жұмыстары жүргізіледі – Тоқаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда екі бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі, олар – капиталды елге қайтару және офшорға қаржы шығаруға тосқауыл қою. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкімет инвестициялық міндеттеменің орындалуына талдау жүргізуі керек. Дәл қазір шетелдік инвестициялар үшін күрес шиеленіскен кезде біз ішкі резервтерге барынша көбірек арқа сүйеуіміз керек. Мұнда әрине, отандық компаниялардың қаражаты туралы айтылып отыр. Егер сіздер өз болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстырсаңыздар, онда қаражаттарыңызды біздің елге қайта инвестициялау керек. Сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз осы. Іс жүзінде «Елде табыс табамыз – оны шетелде жұмсаймыз» деген қағидаттың болуына бұдан былай еш құқығы жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жұмыс екі бағыт бойынша жүргізілетінін айтты.

«Сондықтан жұмыс екі бағыт бойынша жүргізілетін болады – елге капиталды қайтару мен капиталды қайтаруды ынталандыру, сондай-ақ офшорға қаржы шығаруға тосқауыл қою»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Jańalyqtar

MURAǴAT