Қапастағы қамқорлық: Павлодардағы дәрігерлер 56 жылдан бері сотталғандарды емдеп келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің 162/2 түзеу мекемесінде Орталық соматикалық аурухана бар. Бұл емхана – Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі мамандандырылған бар-жоғы екі аурухананың бірі. Сонау 1964 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан емханада сотталған азаматтар ем-дом алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарты ғасырлық тарихы бар мекемеде мыңдаған адам емделіп, дәрігерлер қаншама жанның өміріне араша түскен. Бүгінгі таңда емдеу мекемесінде 110 төсек-орын бар. Мұнда Қазақстанның батысы, солтүстігі мен орталығында жазасын өтеп жатқан адамдарға терапиялық және хирургиялық тұрғыда стационарлық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар аурухана онкологиялық науқастарды емдейтін бірден-бір мекеме болып саналады.


Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің дерегінше, мекеме денсаулық сақтау саласындағы ҚР заңнама талаптарына сай лицензияға ие. Терапиялық және хирургиялық көмек көрсетумен бірге кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында науқастарға уролог, онколог, дерматолог, психиатр, невропатолог, кардиолог, отоларинголог, стоматолог секілді мамандықтар бойынша кеңес өткізіледі. Бұл мақсатта ауруханада зертханалық зерттеу, бүкіл ағзаның рентгенографиясы, ЭКГ, УЗИ, фиброэзогастродуоденоскопия, бронхоскопия, спирография секілді зерттеулердің бәрі жүргізіледі.


Мүмкіндік болған жағдайда қымбат тұратын зерттеулерді де жүргізу мүмкіндігі (әртүрлі магнитті-резонансты зерттеулер, компьютерлік томографиялар) бар. Ол үшін мекеме Павлодар қаласының азаматтық денсаулық сақтау секторындағы жетекші емханалармен және клиникалық-диагностикалық зертханалармен тиісті келісімге қол қойған.

Одан бөлек ауруханада тұрақты түрде жоспарлы және шұғыл түрде хирургиялық оталар жасалып тұрады. Емханада хирургиялық тексеру мақсатында жабдықтардың бәрі жиналған операциялық блок жасақталған. Ота барысында санитарлық-гигиеналық нормалардың бәріне де қатаң эпидемиологиялық бақылау жүргізіледі.

Орталық соматикалық аурухананың медициналық персоналы 42 қызметкерден тұрады. Оның құрамында дәрігерлік және медициналық персонал да бар.

Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті олардың арасынан бас медбике Желнова Евдокия Петровнаны ерекше атап өтеді. Оның Орталық соматикалық ауруханада еңбек етіп келе жатқанына 60 жылға жуықтаған және Е. Желнова өз қызметін асқан жауапкершілікпен атқарып келеді.

Айта кетсек, ҚАЖ мекемелерінің барлығында медицина бөлімшелері жұмыс істейді. Оларда да Гиппократ антын берген қаншама маман еңбек етеді. Айтуларынша, мұнда жұмыс істеу – оңай емес.

«Емханаға сотталған адам түскен кезде біз одан «Қандай қылмыс жасадың?», «Не үшін сотталдың?», деп сұрамаймыз. Біздің міндет – оның сырқатын анықтап, емдеп шығу. Иә, олар сотталған адамдар, қылмыс жасағандар. Бірақ олар заңмен жазаланып отыр. Мекемедегі медицина қызметкерлерін сынның астына алып жатқан кезде – қынжыламыз. Бәлкім біздің жұмыс туралы ештеңе білмейтін адамдар осылай жазатын болуы керек», - дейді 162/4 мекемесінің дерматовенеролог дәрігері Ләззат Халықова.


Карантин басталғалы бері колонияның медицина қызметкерлері ерекше режимге көшіп, бүкіл медициналық персоналдың басты міндеті – вирустың алдын алу болған. Емханада санитарлық режим күшейтілген.

Ал Медицина қызметкерлері күні қарсаңында сотталған азаматтар түзеу мекемесінің асханасында ақ халатты абзал жандар үшін торт пісіріп берді.

Жыл сайын 162/2 түзеу мекемесі жанындағы Орталық соматикалық ауруханаға сотталған 100-ге тарта адам түседі.

Еске салайық, Қазақстанда маусым айының үшінші жексенбісі - медицина қызметкерлері күні.


Соңғы жаңалықтар