Қаныш Сәтбаевтың жиені Александр Третьяков: Атамның жалғыз арманы қазақ ғылымын әлемдік деңгейге көтеру еді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында Өскеменге ғалымның жиені Александр Третьяков келіп кетті. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ұжымы аттай қалап шақырған мейман бірнеше конференцияға қатысып, студенттермен кездесті. Соның бәрінде әйгілі атасы туралы тағлымды естеліктер айтып, әңгімешілдігімен есте қалған. Қарбалас күн тәртібінде ғалымды мазалаудың реті болмаған соң, кейін интернет арқылы сұхбаттасуға уағдаласқанбыз. Біз жолдаған сұрақтардың жауабын Қ.Сәтбаевтың тағы бір жиені Әлима Жармағамбетовамен бірге дайындаған екен. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

- Александр, Қаныш Сәтбаев өмірден өткен кезде сіз неше жаста едіңіз?

- Мен ол кезде алтыда едім. Ханиса ападан туған жиендері Әлиманың жасы 13-те, Нұрланның жасы 16-да, ал Әділ 18-де болатын. Үлкен әпкеміз Шәмшиябанудың екі балалы болған кезі. Атам өте жұмысбасты адам болды. Соның өзінде жиендерін еркелетуге уақыт табатын. Ал демалыс күндері кішігірім саяжайда, қыста атамның пәтерінде барлық қыздары жиналып, уақытты көңілді өткізетінбіз. Ондай сәттерде атам домбырамен ән айтатын.null

- Өз анаңыз туралы айтып берсеңіз. Үйде қай тілде сөйлеуші едіңіздер?

- Анам Мейіз өте мейірбан жан еді ғой. Әкесі Қаныш сияқты қарапайым, тәртіпке бой ұсынған адам ретінде есімде қалыпты. Нағашы әжем Таисия Алексеевна - Қаныш атамыздың екінші жары. Анам сол кісінің жолымен минералогия саласын зерттеді. Өмірінің соңына дейін сол кәсібіне адал болып өтті.

Жатар алдында анам маған Обручевтің, Жюль Верннің, Джек Лондонның шытырман оқиғалы әңгімелерін оқып беретін. Үйдегілер қазақша тегіс білмегендіктен, негізгі тіл орыс тілі болды.

Ол Қаныш атама етене жақын болды. Әкесі сияқты геолог болғандықтан да шығар. Қаныш атам жасынан көп ауырған адам. Өмірінің соңғы жылдарында анам қасында болып, оны күтті. Атамның ең бір қиын кездерінде бар ауыртпалығын көтерді.

- Әке-шешеңіз қалай үйленгені туралы білетініңіз бар ма?

- Әкем - Ақтөбенің тумасы. Екеуі Қазақ тау-кен металлургия институтында оқып жүріп танысқан екен. Екеуі де 1949 жылы оқуға түсіп, 1954 жылы диплом алды. Ал 1955 жылы шаңырақ құрды. Қаныш атамыз бұл некеге еш қарсы болмаған. Әке ретінде қызына ақ батасын берген. Ол кезде өз атам өмірде жоқ екен. Әжем Анна Павловна 1963 жылы Алматыға көшіп келді де, Қаныш атаммен дәмдес болып үлгерді.

- Қаныштың өз кіндігінен екі ұл болыпты. Бірақ екеуі де жастай кеткен екен. Нағашы атаңыз соңында ұл бала қалмағаны үшін қатты алаңдапты дейтін әңгіме бар. Тіпті жиендерін асырап алмақшы болған деседі...

- Екі ұлы да ерте кеткені рас. Таисия әжемізден Арыслан есімді ұл туғанымен, шетінеп кетті. Ал Шәрипа әжемізден туған Майлыбай дейтін ұлы 1940 жылы 14 жасында қайтыс болды. Жиендерін асырап алмақшы болды деген әңгіме бос сөз. Маған да, аға-бауырларыма да ешқашан ондай ұсыныс айтылған емес.

Әлиханның ұлы Сәтбаевтың үйінде тұрған

- Отызыншы жылдардың қуғын-сүргіні басталған кезде Қаныш Сәтбаев ғылыммен құлшына айналысып жатты. Атаңыздың сол қуғыннан аман қалғаны таңғалдырады. Оның Алаш арыстарымен байланысы жайлы не білесіз?

- Бұл тақырып біздің үйде талқыланбайтын. Бірақ Алаш арыстары мен атамыздың байланысы туралы естеліктер көп. Бұл тақырыпты Қаныштың тағы бір жиені Нұрлан көп зерттеді. «Алаш және Қаныш» атты мақала жазып жатыр. Сол мақала жарыққа шыққан соң бұл төңіректегі сұрақтарға нүкте қойылар деп ойлаймын. Сұрағыңызға жауап ретінде аталмыш мақаладан 4-5 үзінді келтіріп отырмыз.

1. «Қаныштың немере ағасы, танымал ағартушы Әбікей Зейінұлы Сәтбаев «Алашорданың» белді мүшесі болған. 1937 жылы большевиктер оны өлім жазасына кесті. Туған ағасы Ғабдолғазы (Бөкеш) Имантайұлы Сәтбаев пен музыкант, өнертанушы болған тағы бір немере ағасы Әбдікәрім Жаминұлы Сәтбаев та өлім жазасына кесілген. Алашорданың көрнекті қайраткері, прозаик әрі драматург Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш Сәтбаев Павлодардағы екі сыныптық орыс-қазақ гимназиясында, Семейдегі мұғалімдер семинариясында бірге оқыған».

2. «1926 жылы «Алашорданың» тағы бір көсемі Міржақып Дулатов «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне тұңғыш рет Қаныш Сәтбаев туралы жылы лебізді мақала жазды. Мақалада ол Қанышты қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженері деп танып, оған үлкен үміт артады. Міржақыптың жуықта өмірден өткен үлкен қызы Гүлнәр Дулатова: «Менің әкем мен Қаныш аға тумаса да туғандай болып кеткен жандар еді. Әкемді ұстап әкеткенде бізге хабарласуға дәті барып, қарайласқан аз адамның бірі Қаныш аға болды. Қарсақбайдан Қызылордаға келген сайын жағдайымызды біліп кететін. Мен мектеп бітіргенде анамыз Қаныш ағаның ақыл-кеңесі бойынша Томск медициналық институтына түсірді. «Гүлнәр, әкең «Бутырька» абақтысында жатқаны үшін қиындық туады деп алаңдама. Сібірліктер ашық-жарқын келеді. Олар да қудалауды көп көрген халық. Әкеңнің сәтсіздігі үшін аяғыңнан шала қоймас» деп жігер беретін» - деп естелік қалдырды».

3. «20-жылдардың соңындағы қыстың бәрін Қ.Сәтбаев Мәскеуде өткізді. Жаз бойы істеген шаруасы туралы КСРО Геология комитеті мен «Главцветмет» мекемелерінде есеп беретін. Сол кезде Әлихан Бөкейхановпен жиі ұшырасып жүрді. Қаныш Сәтбаев 1929 жылдың 25 желтоқсанында Таисия Сәтбаеваға жазған хатында:

«Большевиктер Қазақстан аумағына кіруіне тыйым салған Әлихан Бөкейханов Мәскеу тау-кен академиясының түлегі, ұлы Үгедейді менің қасыма, Қарсақбайға баруға көндірді» - деп жазады.

4. «Анамыз Ханиса Қанышқызы Сәтбаева Үгедей Бөйкехановтың Қарсақбайға келген кезін былай деп еске алады.

«Бөкейханов Қарсақбайға келген соң біздің үйге орналасты. Оны бәрі Сергей Әлиханович деп атайтын. Біз қоржын үйдің бір жағында тұрып жатқанбыз. Екінші жағы геологиялық барлау кеңсесі болатын. Сергей Әлиханович үйленген кезде ығысып, үш бөлменің бірін жас жұбайларға босатып бердік. Кейін зауыт басшылығы оларға жеке пәтер берді».

5. «Қаныш Сәтбаев Әлихан Бөкейхановтың есімін алғаш рет 1917 жылдың 12 қазанында өткен Семей қоғамдық кеңесінде естиді. Бұл жиынға Ә.Бөкейханов Әлімхан Ермековпен бірге келеді. Аталмыш оқиға туралы «Сарыарқа» газетінде (09.11.1917 ж., №18) талдамалы мақала жарияланып, Қаныш Сәтбаев жаңадан құрылған «Алашорда» партиясының жас насихатшыларының қатарында аталады. Кейін, 50-жылдардың басындағы «Бекмаханов ісінен» басталған қуғын-сүргінде осы газет қиындысы Сәтбаевты «ұлтшыл белсенді» ретінде айыптауға айғақ ретінде қолданылды. Бұл кезде ол Қазақ КСР-нің Ғылым академиясының президенті-тұғын».

- Қаныш Сәтбаев Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға айтыпты дейтін аңыз бар. Мәскеуге ұсынатын картаға қазақ даласындағы кен орындарын толық түсірмей, бірнешеуін жасырып қалса керек. «Кейінгі ұрпаққа да қазына қалуы керек қой» деп түсіндіріпті бұл әрекетін. Бұл қаншалықты шындыққа жақын?

- Бұл жай аңыз ғана. Басқа ештеңе емес. Бірақ ол жер қойнауын барынша үнемдеп игеру керектігін талмай айтып өтті. Қопарған жердің барлық пайдалы қазбасын толық игермей, екіншісіне ұмтылудың қате екенін өмір бойы дәлелдеп кетті.

Ол ешкімнің еңбегін ұрлаған жоқ

- «Жақсы адамның артынан сөз ереді» дейді қазақ. Сіздің атаңыз туралы да көп аңыз бар. Келесі сұрағымыз да сол аңыздың төңірегінен шығып отыр. Жезқазғандағы кен орнын Қаныш Сәтбаевтан бұрын басқа ғалым ашқан дейтін әңгіме айтылып жүр. Атаңыз сол момын ғалымның еңбегін өзіне иемденіп кеткен-мыс. Геолог ретінде, Қаныштың жиені ретінде бұған не айтар едіңіз? Қаншалықты жаны бар әңгіме бұл?

- Қаныш Имантайұлы Жезқазған кен орнының келешегін айқындап кеткен тұлға. Әуелде Қарсақпай кентінде мыс балқыту зауыты болған. Оны 1917 жылғы революцияның алдында ағылшындар салған екен. Кейін концессиялық шарт бойынша пайдаланбақшы болған ғой. Оған қажет кенді Жезқазғаннан алып отырған. Қ.Сәтбаев бұл жерге келгенде кеніштің беткі қабаты ғана игеруге жарамды деп есептелген. Сондай-ақ Ресей геологиялық комитетінің мамандары қазған бірнеше ұңғыма бар болатын. Сәйкесінше Жезқазған кен орны кішігірім кеніш деп саналды. Оны әрі қарай зерттеу қай жағынан алса да тиімсіз деп есептелді. Қ.Сәтбаев жер жағдайымен танысып, бірнеше бұрғылау жұмыстарын жүргізе келе, Жезқазғандағы кеннің қоры орасан екеніне көз жеткізді. Бұл мәліметті ол Ресей геологиялық комитетіне, кейін Ауыр өнеркәсіп наркомы Серго Орджоникидзеге хабарлады. Осыдан кейін ғана Жезқазған кен орны кеңінен зерттелді. Сондықтан Қаныштың момын біреудің еңбегін иемденіп кетуі мүмкін емес.

- Қарап отырсақ, Қаныштан тараған ұрпақтың көбі ғылымға бет бұрыпты. Шетінен ғылым докторлары мен профессорлар, ғылым кандидаты мен доценттер. Сіздің ойыңызша, араларыңызда ең табыстысы кім?

- Таисия және Шәрипа әжемізден тараған төрт немеренің үшеуі ғылым докторы, біреуі - кандидат. Ішімізде ең ілгері кеткені Әлима Қайнекеқызы шығар. Ол химия ғылымдарының докторы және профессор, ҚР Ғылым академиясының құрметті академигі. Қазір ғылыммен айналысып қана қоймай, жас мамандар даярлап жүр.

- Өскемендегі кездесулердің бірінде Қаныш Сәтбаевқа Өскеменнен ескерткіш орнатылса да артық болмайтынын айттыңыз. Атаңыздың атында үлкен даңғыл бар. Сәтбаевтың тұлғасын дәріптеуде қандай кемшіліктер бар?

- Өскемен маған бөтен емес. Өмірімнің өндірістік жылдары осында өтті. Ұзақ уақыт осында тұрдым да. Ал қазіргі Сәтбаев даңғылында менің енем тұрады. Даңғылдың жыл сайын жаңа келбетке еніп, абаттанып жатқанын көріп ылғи қуанамын. Сәтбаевтың тек ғылыми жетістіктерін айта бермей, оның елге, Отанға деген махаббатын, халыққа деген құрметін көбірек насихаттау керек деп ойлаймын. Оны осынша жетістіктерге жетелеген жалғыз күш, жалғыз арман болды. Ол - қазақ ғылымын, Қазақстанның өндірісін әлемдік деңгейге көтеру еді. «Рухани жаңғыру» кезеңінде ұрпаққа осындай тұлғалар үлгі етілуі керек.

- Қазір неге қазақ арасынан Қаныштай ғалым шықпай жатыр?

- Өйткені, Қаныш Сәтбаевтай ұлы адамдар бір дәуірде бір-ақ рет туады.

- Сіз де атаңыздың жолын қуып, геология және минералогия ғылымдарының докторы атандыңыз. Қаныштың ісін лайықты түрде жалғай алдым деп айтар жетістігіңіз бар ма?

- Үйімізде ғылымнан басқа әңгіме айтылмайтын еді. Сондықтан менің бұл салаға келуім қалыпты дүние шығар. Атам Қаныш пен әжем Таисия, әкем Валентин мен анам Мейіз геологтар еді. Басында бала ретінде әуестенсем, кейін шындап сүйіспеншілігім оянды.

Атам кез келген геолог ғылыми ізденіске түспей тұрып, әуелі геологияның практикалық, өндірістік сатыларынан түгел өтуі керек деген қағиданы ұстанды. Өзі де Жезқазғаннан солай бастаған. Кейін әкем де Памирдегі барлау жұмыстарында тәжірибе жинады.

Ал мен қазіргі Қазақ инженерлік-техникалық университетті бітірген соң геологиялық түсірілімдер жасай бастадым. Кейін 10 жыл бойы Магаданда алтынды ұсақ жыныстарды зерттедім. Алғашқы ғылыми мақалаларым сол кезде жарық көрді. Тоқсаныншы жылдардың басында жекеменшік компанияларда өз мамандығым бойынша еңбек еттім. Ал докторлық диссертациямды 2007 жылы қорғап шықтым.

Осы докторлық жұмыс барысында Қазақстан аумағында алтынды ұсақ жыныстардың бұрын белгісіз болып келген орындары бар екенін аңғарып, координаттарын анықтадым. Енді сол болжамдарымды геологиялық барлау арқылы дәлелдеп шықсам деймін. Осы істі аяғына дейін жеткізсем, Қазақстанның шикізат базасын байытып, атамның ізін абыроймен жалғадым деп айта алатын болам.

null

Соңғы жаңалықтар