Қаныш Сәтбаев туралы фильм көрерменге жол тартады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2 ақпанан бастап қазақтың белгілі ғалымы әрі біртуар геологы Қаныш Сәтбаевтың өмір жолын баяндайтын «Қаныш» телехикаясының толықметражды нұсқасы еліміздегі барлық кинотеатрдан көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаныш» фильмінің сюжеттік желісі – геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбек жолына негізделген. Жас Қаныштың қазақ халқының басына күн туған – ашаршылық және қуғын-сүргін жылдарындағы геология саласындағы алғашқы қадамдарын баяндайды.

Авторлары Қаныш Сәтбаевтың тек мықты геолог қана емес, сонымен қатар, ондаған баланы аштықтан аман алып қалған ерекше тұлға екенін көрсете білген. Фильмде ХХ ғасырдың басында орын алған ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты қиын кезеңнің өзінде халық рухының сынбағанын көрсеткен. Туындыда сол уақыттың сирек деректі кинохроникасы қолданылып, ал нақты тарихи тұлғалар кейіпкерлердің прототипіне айналған.

Кинофильм «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша, 2021 жылы түсірілген алты сериялы «Қаныш. Қазына» телехикасының негізінде жасалған. Телехикаяның шығармашылық тобы Қаныш Сәтбаевтың қызыққа толы өмірбаянымен танысып, қолда бар материалдан толықметражды көркем фильм жасауға бел буған. Онда ғалым тек кәсіби маман ғана емес, халқының қамын ойлайтын терең де сезімтал тұлға ретінде көрсетіледі.

«Біз осы фильм арқылы халқымыздың тарихындағы ерекше тұлғалардың жолын көрсетуге тырыстық. Соларға қарап, өскелең ұрпақ бой түзер деген үмітіміз де бар. Қаныш Сәтбаев 27 жасында білімі мен табандылығының арқасында сол кездегі ең ірі мыс кен орындарын ашып, кейін Қазақстанда металлогения мектебінің негізін қалады. Материалға үңіліп, ғалымның өмір тарихымен, кәсіби қызметімен танысып, ол кісінің ерік-жігеріне таңғалдым. Отбасындағы қайғылы оқиғаларға қарамастан, халқына қызмет етіп, тер төкті, ғылыммен айналысты. Менің мақсатым – халқымыздың тарихында қайратты тұлғалардың болғанын көрсету. Сондай-ақ, жастарымыз солардан үлгі-өнеге алып, отбасы, халық пен ел игілігі үшін еңбек етсе екен деп ойлаймын» – дейді фильм және сериал режиссеры Ерлан Нұрмұхамбет.

Фильм продюссерлерінің бірі Айгүл Байбек фильмнің сценарийі телехикаядан өзгеше екенін атап өтті. Түсірілім нысандарын безендіру үшін көп жұмыс жасалды. Павильондарда Қаныш Сәтбаев өмір сүріп, еңбек еткен жерлерді егжей-тегжейлі көрсеткен орындар, кеңселер, пәтерлер, зертханалар салынды. Қарсақпай ауылында тұтас ғимараттарды сол дәуірге сәйкестендіріп жөндеуге тура келді. Атмосфераны қалпына келтіру үшін сахналық және қойылымдық жабдықтарды Қазақстанның түкпір-түкпірінен іздеуге көп уақыт жұмсалды.

Сериал мен фильмді түсірмес бұрын авторлар ғалымның туған-туыстарымен кездесіп, барлық қаныштанушымен, атап айтқанда, еңбегі сценарийге негіз болған Медеу Сәрсекемен және Надежда Ниретинамен ақылдасып, пікір алмасты.

«Қаныш аға туралы бұл фильм баяғыда жарыққа шығуы керек еді. Амал не, ештен кеш жақсы дегендей, жуырда жасалып, көптен күткен көрерменнің көзайымына айналып отыр. Фильмнің бағасын көрермен айтар... Мен өзім осы туындының дүниеге келгеніне қуаныштымын! Шамам келгенше көмектестім. Көрерменге ой салар, ғұмыры ұзақ туынды болсын! Қаныш ағаның тағдыры, өмір жолы, атқарған еңбегі, барлығы – халқымыз үшін әрқашанда өнеге» - деді «Қазақтың Қанышы» кітабының авторы, қаламгер Медеу Сарсеке.

Кейіпкерлердің портреті шынайы тұлғаларға ұқсастырылған. Осы ретте кастинг Астана, Алматы, Қарағанды және Жезқазған қалаларында өткен. Кастингке барлығы 300-ге жуық адам қатысқан, олардың ішінде театр және кино актерлары, мәдениет қайраткерлері, шығармашылық бағыттағы музыкалық мектептер мен жоғары оқу орындарының студенттері болды.

Басты кейіпкерді сомдаған Әсет Есжан жас Қаныш Сәтбаевқа табиғи ұқсайтынын режиссер бірден байқап, актерды сол рөлге бірден бекітті.

«Маған осы рөлді бергендеріне өте қуаныштымын. Мұндай адамдар мені шабыттандырады. Міржақып сериалында Мұхтар Әуезов рөлін сомдадым. Адамдар бұл тұлғалар туралы көбірек білсе деймін. Менің рөлдерім арқылы жұрт танитын болса, екі есе қуанар едім, бұл менің басты актерлік миссиям», – дейді Әсет Есжан.

«Қаныш» фильмі бірнеше халықаралық марапатқа ие болып үлгерді. Атап айтсақ, 2022 жылғы желтоқсан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өткен «Literature in Cinema» халықаралық кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесін алса, биылғы қаңтарда Үндістанда өткен «Athvikvaruni International Film Festival» халықаралық кинофестивалінде үш номинация («Best asian feature film», «Best concept», «Best environment/nature feature film») бойынша үздік атанды.

Қазақстан ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан біртуар ғалым жарты ғасырдан астам уақыт бұрын 1964 жылғы 31 қаңтарда өмірден өтті. Бүгінде қалаларға, көшелерге, университетке оның есімі беріліп, 2021 жылы ел президентінің тапсырмасымен елордада Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.


Соңғы жаңалықтар