Қантты өзіндік құнынан төмен бағаға сата алмаймыз – министр

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев тамыз айында Қазақстанда қант тапшылығы болмайтынына сендірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі нарықта нарықтық экономика жағдайында сатылатын коммерциялық қанттың жеткілікті көлемі бар екенін атап өткім келеді. Жалпы, республика бойынша қант балансы оң сальдоны көрсетеді. Қаңтар айынан бастап отандық қант зауыттары 120 мың тонна қант құрағынан қант өндірді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 19% артық. Шілде айының басында республикадағы қант қоры 27,8 мың тоннаны құрады. Айдың соңына дейін 37 мың тонна қант өндіріледі деп болжануда. Квота шеңберінде импорт көлемі 33,3 мың тоннаны құрайды. Осылайша, 69,8 мың тонна қажеттілік кезінде ішкі нарықтағы қанттың жалпы қоры - 98,1 мың тонна, нарықтың қамтамасыз етілуі - шамамен 140%», - деді Ербол Қарашөкеев орталық коммуникациялар қызметінде.

Айтуынша, тамыз айында елге қажетті қант артығымен жеткізіледі.

«Тамыз айындағы болжамды қажеттілік 69,8 мың тоннаны құрайды. Айдың басында республика бойынша қанттың қоры – 35,1 мың тонна. Ақ қант импорты 42,2 мың тонна деңгейінде болады күтіліп отыр. Қант зауыттарының дерегінше, шамамен 41 мың тонна қант өндіру жоспарланған. Әкімдіктердің қорын ескерсек, республика бойынша қанттың жалпы қоры 118 мың тоннаны, нарықтың қамтамасыз етілу деңгейі 169% құрайды. Сонда шілде және тамыз айларында қант жеткілікті болады. Бірақ өзіндік құнынан бағасы төмен қант жеткіліксіз болады. Ондай бағамен сатылатын қант жеткілікті болмайды да. Өйткені әкімдіктер кез келген өнімді өзіндік құнынан төмен бағаға сата алмайды», - деді министр.

Еске салсақ, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар