Қаңтардағы тәртіпсіздіктер: үш адамнан ұрланған тауарлардың 200-ден астам түрі тәркіленді
2022 жылғы 17 наурыз 22:07

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер: үш адамнан ұрланған тауарлардың 200-ден астам түрі тәркіленді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көлік полицейлері ұсталған үш адамнан қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған тауарлардың 200-ден астам түрін тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, жедел тергеу тобының өндірісінде Алматы қаласы халықаралық әуежайының ғимаратында орналасқан дүкендегі ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу материалдары қаралуда.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің айтуынша, абоненттік байланыстар туралы деректерді талдау, сондай-ақ бейнебақылау камераларынан бейнежазбаларды қарау кезінде үш күдікті анықталды: апалы-сіңлілі екеу және олардың бірінің күйеуі.

Бұлардың бәрі де – Алматы облысының тұрғындары. 5 қаңтардан 6-сына қараған түні олардың әуежайда бөтеннің мүлкін жымқырғаны белгілі болды.

«Күдіктілердің тұрғылықты жерін тексеру барысында заттай дәлелдемелер: элиталық алкоголь, сондай-ақ 130 атаудан тұратын парфюмерлік және косметикалық бұйымдар тәркіленді. Оған қоса кофеханадан, кәдесый дүкенінен және дәріханадан ұрланған 94 тауар табылды», деді полиция генерал-майоры.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабына (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 40 жастағы ер адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Ал 34 және 26 жастағы әйелдерден жас балаларының болуына байланысты ешқайда кетпеу және өзін-өзі дұрыс ұстау туралы қолхат алынды.

Еске сала кетейік , бұдан бұрын үш адамның пойыздың астына түсіп қала жаздағанын жазған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT