Қаңтардағы тәртіпсіздік: ҚР ІІМ 10,5 мың адамнан жауап алды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасына қатысты 10,5 мың адамнан куәгерлер мен жәбірленушілер ретінде жауап алынды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер органдарының тергеушілері арнайы прокурорлармен тығыз іс-қимыл жасай отырып, қаңтар оқиғаларының себептерін анықтау, қылмыс іздерін алу және бекіту, сондай-ақ қажетті дәлелдемелер базасын жинау жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жұмысқа барлығы 200-ден астам тергеуші тартылған.

Бұрын хабарланғандай, қазіргі уақытта барлық зақымданған нысанды тексеру аяқталды. Олардың саны 1,5 мыңнан асады және 760-тан астам автокөлік бар», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, 1,7 мыңнан астам сот сараптамасы тағайындалды. Куәгерлер мен жәбірленушілер ретінде 10,5 мың адамнан жауап алынды.

«Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде қылмыскерлер мен жасыру орындарынан 828 бірлік қару, 18 мыңнан астам оқ-дәрі және 286 арнайы құрал тәркіленді. Сонымен қатар, 65 дана қару ерікті түрде тапсырылды», - деді Санжар Әділов.


Соңғы жаңалықтар