Қаңтарда тәуелсіздігіміздің орнын сипап қалардай сын сағат туды - Ұлытаулықтар

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Сіз қандай қиындық болса да өзіңізді халықпен бірге болатын мемлекет басшысы ретінде көрсеттіңіз». «Kazakhmys Holding» ЖШС еңбеккерлері мен Ұлытау-Жезқазған аймағының халқының атынан 11 мыңнан астам адамның қолы қойылып жолданған хатта осындай жолдар бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бұл хат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы Жолдауына орай жазылған.

Жолдауда Мемлекет басшысының Жезқазған өңірін Қарағанды облысының құрамынан шығарып, Ұлытау атты облыс құруды тапсырғаны баршаға мәлім.

Хат авторлары осы шешімге ризашылығын білдірген.

«Бүгін киелі Ұлытау-Жезқазған аймағының жұрты орны айрықша қуанышқа кенеліп отыр. Қала-аудан мекемелері мен мәдени орындарына көпшілік жиналып, Жолдауыңызды тыңдады. Кеше ғана бұлтсыз күні күркіреген күндей боп, ел ішін дүрбелеңге салған, бейбіт шеруді береке қашырған қанды оқиғаға айналдырған лаңкестердің қастандығы мен оның сабақтары жайлы айтқан ойларыңыз бізді ерекше толғандырды», -деп жазады хат иелері.

Сондай-ақ, хат авторлары қаңтар кезіндегі сын сағатта Президенттің халықпен бірге болғанына айрықша тоқталған.

«Өзіңіз айтқандай, сол күндерде отыз жылдық тарихы бар тәуелсіздігіміздің орнын сипап қалардай сын сағат туды. «Қаңтардың қанды оқиғасы» атанған сол дүрбелеңді басуда сіз табандылық, қайсарлық, шешімді қимыл таныттыңыз. Қандай қиындық болса да, өзіңізді халықпен бірге болатын Мемлекет басшысы ретінде көрсеттіңіз. Осы адалдығыңыз бен ар алдындағы ұстанымыңыз үшін біз сізді ерекше құрметтейміз», - делінген хат мәтінінде.


Соңғы жаңалықтар