Қаңтарда мемлекеттік бюджет қаражатының 6 млрд теңгесі үнемделді - Әлихан Смайылов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылдың қаңтарында мемлекеттік бюджет қаражатының 6 млрд теңгесі үнемделді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары есепті кезеңде 1 трлн 50 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда олар 5,1 пайызға өсті. Республикалық бюджет шығыстары 1 трлн 18 млрд теңгеге немесе 94,3 пайызға атқарылды. Бюджет қаражаты 61 млрд теңгеге атқарылмады. Оның 6 млрд теңгесі үнемдеу болды. Ал игерілмеу сомасы 55 млрд теңгені құрады», - деді Әлихан Смайылов.

Оның атап өтуінше, конкурстық рәсімдерді ұзақ және уақтылы өткізбеу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну игерілмеудің негізгі себебі болып отыр.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 213 млрд теңгені құрады. 36 млрд теңге атқарылмады. Биыл жергілікті бюджеттерге берілетін нысаналы трансферттердің жылдық сомасы 1 трлн 526 млрд теңгені құрайды. Есепті кезеңде оларға 18 млрд теңге бөлінді. Алдын-ала деректер бойынша олардың 65,4 пайызы, яғни 12 млрд теңгесі игерілді. 6,2 млрд теңге орындалмаған, оның ішінде 0,3 млрд теңге үнемдеу сомасы болды. 5,9 млрд теңге игерілмеген», - деді бірінші вице-премьер.

Ол қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге, төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауына, аванстық төлем мөлшерінің азаюына және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеудің ережесіне өзгерістер енгізуге байланысты қаражаттың игерілмегендігін атап өтті.

«Ең көп игерілмеген қаражат Түркістан облысында, Нұр-Сұлтан қаласында, Батыс Қазақстан облыстарында қалыптасты», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар