Қаңтарда қаза тапқандардың тізімін ғана емес, неден өлгенін, кім кінәлі екенін қоса жариялау керек - Әзімова

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болған және зардап шеккен жандардың тізімі шамамен қашан жарияланатыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қаңтар оқиғасында қайтыс болғандар мәселесін процесс бастала сала көтердік. Бүгінде бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Қайтыс болғандардың тізіміне келсек, Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, тергеу аяқталуы керек, тізім содан кейін ғана жарияланады. Біздің ойымызша, жекелеген аймақтар бойынша тергеу нәтижесі белгілі екенін ескере отырып, қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің тізімін кезең-кезеңімен жариялаған дұрыс болар еді. Бірақ мен үшін маңыздысы тізім ғана емес. Ондағы адамдардың мәртебесі, өлімнің себебі туралы ақпарат бірге берілуі маңызды. Сондықтан құр тізімді жариялап қана қоймай, адам өлімінің себебі мен оған кім кінәлі екендігі туралы да айту керек», - деді адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстел барысында.

Сондай-ақ, уәкіл Бас прокуратурадан қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған және зардап шеккендерге қатысты тізім мен толық ақпаратты талап ететінін айтты.

Аталған жайтқа қатысты ҚР Бас прокуратурасының нормашығармашылық қызметті үйлестіру департаментінің басшысы Алмаз Мұхамеджанов түсінік беріп өтті.

«Біріншіден, қылмыстық істерді тергеу мерзімі шектеулі. Яғни қылмыстық іс жүргізу кодексінде тиісті шектеулер бар. Менің ойымша, қазір қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істер мәресіне жетіп қалды. Қажетті сараптамалар да аяқталуы керек. Көпке созылмайды. Мүмкін, осы тоқсанда нақты ақпарат болып қалар. Ол туралы біздің ресми өкілдеріміз қоғамға жеткізеді. Ақпарат тек қаза тапқандар мен зардап шеккендерге ғана емес, барлық қылмыстық іске қатысты», - дейді ол.

Бұған дейін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, азаптаудан өлген адам санына қатысты өз уәжін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар