Қаңтарда қарағандылықтарға 57 мың шаршы метр баспана берілді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қаңтар айында Қарағанды облысында 57,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы өңірлік Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жылдың бірінші айында аймақта 10,3 мың шаршы метр жеке тұрғын үй және 34,4 мың коммерциялық баспана пайдалануға берілді. Мемлекеттік сектордағы тұрғын үйлердің саны - 13 мың шаршы метр.

«Биыл құрылыс жұмыстарының күтілетін көлемі 5 млрд теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштерге біз «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру және «Өңірлерді дамыту-2020» есебінен қол жеткіземіз. Биылғы жылы Сәтбаев қаласында бес қабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы, облыстық маңызы бар автожолдарды қайта жаңарту, жолдарды күрделі және орташа жөндеу, кешенді құйма зауытының, патрондық зауыттың құрылысы және тағы басқалар жоспарланған», - деп атап өтті Азамат Мұқанов.

Алдын ала мәліметтер бойынша, биыл өңірде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында өсім күтілуде. Болжамға сүйенсек, өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі 110% кем болмайды. Бұған түсті металл кендерінің өндірісін 20%, болат өндірісін 92,7% және мыс өндірісін 7,2% арттыру есебінен қол жеткізілмек.

Жоспарға сәйкес, тау-кен өнеркәсібінде өсім металл кендері өндірісін 10% ұлғайту есебінен болады.

Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібі, түсті және қара металлургия, фармацевтика және машина жасау салаларындағы көрсеткіштердің артуы күтілуде.

«Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі мал шаруашылығы өнімдерінің үлкен көлемі есебінен 101% құрауы тиіс. Ірі қара мал басы 2,8% ұлғайып, 565 мың басты құрайды деп күтілуде. Жылқы - 5,2%, бұл 317,6 мың басқа тең болады. Құстар саны 1,4% артады. Соның арқасында жылдық ет өндірісі 9,8 мың тоннаға, сүт 10,2 мың тоннаға, жұмыртқа 60,1 млн данаға жетеді.

Биылғы жылы дәнді және бұршақты дақылдар 895,5 мың га алқапта егіледі, бұл 2019 жылғы деңгейден 3,7% көп. Майлы, көпжылдық және бір жылдық шөптер 87,7 мың га аумақты алады. Картоп 16 мың гектарға, көкөніс 3 мың гектарға отырғызылады. Бұл көрсеткіштердің барлығы өткен жылғымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары», - делінген мәліметте.


Соңғы жаңалықтар