Қаңтар-сәуірде Нұр-Сұлтан бюджетінің кірісі 78 млрд теңгеге жуықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың қаңтар-сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласы бюджетінің кірісі 78 млрд теңгеге жуықтады. Бұл туралы бүгін қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Түгелбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық қоғамдық кеңес отырысында баяндама жасаған оның айтуынша, 2019 жылдың 1 мамырында мемлекеттік бюджет түсімдері бойынша жоспардың кіріс бөлігі 102 пайызға орындалған. Болжам бойынша мемлекеттік бюджетке 380 439,2 млн теңге түсуі тиіс еді. Ал түсім 388 125,2 млн теңге болды және бұл 2018 жылғы деңгейден 19 пайызға артық.

«Нұр-Сұлтан қаласы бюджетінің меншікті кірісінің түсім көлемі 2019 жылдың қаңтар-сәуірінде 77 млрд 981 млн теңгені құрап, өткен жылдың 4 айындағы көлеммен салыстырғанда 9,8 пайыз өсім көрсетті. Оның ішінде салық түсімдері 7 пайызға артып, 73 млрд 067 млн теңге болды. Меншікті кіріс түсімдері бойынша жоспар 100,8 пайызға орындалды», - деді ол.

Оның дерегінше, есептен кезеңде салықтық емес түсімдер 2 млрд 240 млн теңгеге жеткен. Бұл 2018 жылдың қаңтар-сәуірімен салыстырғанда 42,7 пайызға жоғары.

«Негізгі капиталды сатудан түскен түсім 2 млрд 676,2 теңгені құрады. Бұл ретте жоспар 1 млрд 834,7 млн теңге болған еді. Жоспардың артығымен орындалуына жер аукциондар мен пәтерлер сату бойынша келісімшарттардың белсенді жасалуы себеп», - деді А.Түгелбаева.

Соңғы жаңалықтар