Қаңтар оқиғасында содырлардың әрекетін рациямен үйлестірушілер кім екені әлі анықталған жоқ – Бас прокурор

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Бас Прокурордан қаңтар оқиғасы кезінде содырлардың әрекетін арнайы рация арқылы үйлестірген, әскери киіммен жүрген топтың кім екенін сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласында әскери киінген, толық қаруланған, байланыс құралдарымен өте жоғары дәрежеде қамтылған топ пайда болды. Олар қаланың ішінде содырлардың бүкіл жүріс-тұрысын басқарды. Бірақ қалада жағдай реттелгеннен кейін ол содырлар лезде жоғалып кетті. Осы бір жылдың ішінде сол содырлардың біреуі табылды ма? Оларға әскери киім мен қаруды, рацияны кім берді? Осы мәселенің мән-жайы зерттелді ме?», - деп сұрады депутат.

Бас прокурордың айтуынша, ондай әскери киім киген топтың болғаны рас. Бірақ олардың кім екені әлі анықталмаған.

«Бұл фактілер бойынша ведомствоаралық жедел тергеу тобы арнайы құрылған, тергеу жүріп жатыр. Сол күндері әскери киінген адамдар Райымбек батыр көшесін толық басып алып, бөгеттер орнатып, көшені жауып тастағаны бәрімізге белгілі.

Өзіңіз айтқан балалар инфекциялық емханасы филиалының маңайында, оның түбінде тұрған автокөлік тұрағының жанында, жанар-жағармай стансасының жанында тұрған көптеген қылмыскер болған», - деді Берік Асылов.

Айтуынша, аталған тұлғалар әлі күнге дейін қолға түспеген.

«Сол күндері ұстауға мүмкіндік болмады ма, ол кісілердің бәрі ол кезде ұсталған жоқ. Өзіңіз айтқандай, олардың бәрі бой жасырып, қашып кетті. Бұл адамдардың кім екенін тергеу кезінде біз әлі анықтаған жоқпыз. Ол кісілердің қай жаққа кеткенін, әрине анықтаймыз. Бізге негізі уақыт керек. Қазіргі таңда көптеген жедел тергеу жұмыстары жалғасуда», - деді Бас прокурор.


Соңғы жаңалықтар