Қаңтар оқиғасында қаза болған 13 адамның туыстарына қордан қаражат аударылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасында жазатайым қаза болғандардың туыстарына қаражат бөлінді. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда қаза тапқан 19 және ауыр жараланған 106 Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне және Қорғаныс министрлігі мен Республикалық ұланның әскери қызметшілеріне материалдық көмек көрсетілді. Жалпы сома 451 млн теңгені құрады», - деді Л. Шыңғысбаева Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сонымен қатар ол қаңтар оқиғасында жазатайым қаза болғандардың туыстарына қаражат бөлінгенін айтты.

Қаза болған үш азаматтың отбасы мүшелеріне ақшалай төлемдер жіберілді, олардың жазатайым оқиғаның құрбаны екенін құзырлы орган растады. Сондай-ақ зардап шеккен үш баланың және қайтыс болған екі баланың отбасыларына ақшалай төлемдер жіберілді. Бұл санаттағы жапа шеккендерге төленген жалпы төлем сомасы 44 млн теңгені құрады», - деді қор өкілі.

Оның айтуынша, қазір қаза тапқан 13 бейбіт тұрғынның туыстарына ақша аудару үшін ақпараттар нақтыланып жатыр.

Таратылған мәліметке қарағанда, үш айда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 126,05 млрд қаржы түсті.


Соңғы жаңалықтар