Қаңтар оқиғасында дүкендер мен банкомат тонағандар ұсталды – ҚР ІІМ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер органдары жыл басындағы жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрлық пен тонау жасағандарды анықтап жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тек өткен апта ішінде мүлікті және қаруды ұрлау фактілері бойынша 7 күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Мысалы, Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 5 адамнан құрылған топ полиция қызметкерлерінің арнайы құралдарын және қаланың 4 дүкенінен әртүрлі тауарларды жымқырған», - деді С. Әділов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Жедел іс-шаралар жүргізу барысында полиция қызметкерлері күдіктілердің біреуі тұратын мекенжайдан полицейлердің қалқандарын, 2 электр самокат, 2 теледидар, 3 ноутбук, компьютер техникасы мен жаңа брендті киім-кешектер тапқан. Одан басқа күдіктілерден сатуға дайындалған «пироллидин» есірткі заты салынған 76 орам табылды. Осы эпизодтың барлық қатысушылары анықталды және сот санкциясымен күзетпен ұстауға алынды.

«Тағы бір мысал – 6 қаңтарда Алматы қаласында Түркістан облысының 2 тумасы банкоматты бұзып алып, 1 млн теңгеден артық ақшалай қаражат ұрлаған. Бейнежазбалар мен тергеу әрекеттері күдіктілердің кінәсін дәлелдейді.

Биылғы 8 қаңтарда Түркістан облысында бұрын ұрлық және тонау үшін сотталған 2 жергілікті тұрғын ұсталды, олар биылғы 5 қаңтарда Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздіктер барысында «Технодом» сауда үйінен 5 «Canon» фотоаппаратын, «Acer» ноутбугін, 3 «Iphone 12» және «Самсунг» ұялы телефонын, ер адамдарға арналған заттарды және Алматы қаласында Төле би көшесіндегі «Зергерлік бұйым» дүкенінен 11 зергерлік әшекей атауын ашық түрде ұрлаған. Күдіктілер уақытша ұстау орнына қамалды», - деді ҚР ІІМ өкілі.


Соңғы жаңалықтар