Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, азаптаудан өлген адам саны 8 болды - омбудсмен

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокуратурасы ұсынған статистикаға сәйкес қаңтар оқиғасынан кейін тергеуге алынып, оның барысында азапталып өлген адам саны - 6. Дегенмен ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова азапталып мерт болғандар саны одан да көп екенін айтып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Бас прокуратура қаңтар айындағы оқиғалар барысында 238 адам қайтыс болғанын хабарлады. Оның арасында 6 адам азаптау салдарынан мерт болған.

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен шара барысында азаптаудан 8 адамның қайтыс болғанын растады.

«Биыл 14 наурызда Парламентте қаңтар оқиғасы бойынша тергеудің нәтижесі мен барысы туралы бірлескен тыңдау болды. Лаңкестік актілерге кімдер қатысты, қанша адам қайтыс болды - мұның бәрі баршамызды толғандырады. Бірақ тергеудің жалғасып жатқанын есте ұстаған жөн. Дегенмен, бұл құқық қорғау органдары мен сотты азаматтардың құқығын сақтау және қорғау міндетінен босата алмайды», - деді Эльвира Әзімова ОКҚ алаңында.

«Наурызда қаңтар оқиғасы кезінде 8 адамның азаптан өлгені айтылды. Ал таяуда Бас прокуратура брифинг барысында заңсыз күш қолдану салдарынан қаза тапқан 6 адамның бар екенін растады. Бұл сондай-ақ қоғам белсенділері мен тәуелсіз қатысушылардан алған ақпаратқа сәйкес келеді», - дейді ол.

Одан бөлек, омбудсмен қаңтардағы оқиғалардан кейін қанша адам азаптауға ұшырады деген сауалға жауап берді.

«Қазір нақты саны белгісіз. Себебі өтініш әлі де түсіп жатыр. Егер қаңтардың ортасында 10шақты қылмыстық іс қозғалса, кейін оның саны 100-ге жетті. Қазір одан да көп. Процесс барысында сандар өзгеріп жатыр. Сондықтан әзірге соңғы әрі нақты сан туралы айтуға әлі ерте», - деп түсіндірді Эльвира Әзімова.


Соңғы жаңалықтар