Қаңтар оқиғасынан кейін ең көп қару Жамбыл облысында тәркіленген

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасынан кейін ұрланған ең көп қару Жамбыл облысында тәркіленді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, ел бойынша құқық қорғау органдары қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған 750-ден астам мылтық және тегіс ұңғылы қаруды тапты. Ең көп саны Жамбыл облысында - 281 қару, Алматы қаласында – 249, ал Алматы облысында 201 қару тәркіленді», - деді Е. Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, Алматы қаласында жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде деструктивті діни ағымының жақтаушысы «С» есімді азамат ұсталды. Одан «Оружейник» аңшылық дүкенінен ұрланған 12-ші калибрлі винчестер мен «Қорған» дүкенінен ұрланған 2 мылтық табылды.

«Таразда «Д» есімді азамат ұсталды, одан Жамбыл облысы Полиция департаментінен ұрланған 4 «Макаров» тапаншасы мен оның 131 оғы тәркіленді. Алматы облысында «Қазақстандықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының атыс қаруының сақтау орындары табылды. Олар өз қаруларын Бәйтерек кентінің шетіндегі қараусыз қалған ғимаратта сақтаған. Аталған жерде 28 қару-жарақ, оның ішінде 2 «Калашников» автоматы, 3 «Макаров» тапаншасы, шетелдік өндірістің 4 тапаншасы, 5 қос ұңғылы және 10 бір ұңғылы мылтық, 2 шолақ мылтық, түрлі калибрлі оқтар, жарықты-дыбысты гранаталар мен бронижилеттер табылды», - деді Бас прокуратура өкілі.

Сонымен қатар ол заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын еске салды. Алайда олардың әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмауы керек. Бұл ретте адамды құқық қорғау органдары қарумен ұстап алған жағдайлар ерікті түрде тапсыру деп танылмайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қаңтар оқиғасына қатысты сот санкцияларымен 627 күдікті адам қамауда отыр.

Сондай-ақ Талдықорғанда мемлекеттік нысандарды басып алу қатысушыларын қаржыландырғандар анықталды.



Соңғы жаңалықтар