Қаңтар оқиғасына қатысқан атыраулықтың біріне сот үкімі шықты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасына қатысқан 27 атыраулықтың ісі сотта қаралып жатыр. Сотталушының біріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қаласындағы №2 сотта күш қолдану арқылы жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны (ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 2-бөлігі) және жаппай тәртіпсіздік кезінде адамдар тобы болып, билік өкіліне қатысты өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi күш қолданғаны үшін айыпталған (2022 жылғы 11 шілдедегі өзгеріске дейінгі Қылмыстық кодекстің 380-бабының 3-бөлігінің 4,8-тармақтары) Д.Е.-ге қатысты қылмыстық іс қаралды.

«2022 жылғы 5 қаңтарда сағат 14:30 шамасында Д.Е. Атырау облысының әкімдігі ғимаратының алдында ұйымдастырылған жаппай тәртіпсіздікке қатыcқан. Полиция қызметкері Р.Е.-ге қатысты күш қолданып жатқан адамдар тобын көріп, сол қолының жұдырығымен жәбірленушінің бет тұсына бір рет соққы жасап, өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданған», -деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметі.

Сот талқылауы кезінде сотталушының қылмыстық әрекетінің саралануы өзгертіліп, прокурормен ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 2-бөлігі (Күш қолдану арқылы жаппай тәртіпсіздікке қатысу), 380-бабының 1-бөлігі (Билік өкіліне қатысты өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолдану) бойынша жаңа айыптау актісі жасақталған. Осыған байланысты басты сот талқылауы Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі, 380-бабының 1-бөлігімен (2022 жылғы 11 шілдедегі өзгеріске дейінгі) жаңа айып бойынша жалғастырылған. Сотталушы өзінің кінәсін мойындап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді дауламайтынын көрсетіп, кінәні мойындау туралы процестік келісімді жасауды сұраған.

Сот тергеуі барысында прокурордың, сотталушы, оның қорғаушысының қатысуымен және жәбірленушінің келісімімен кінәні мойындау туралы процестік келісім жасақталған.

Сотталушыға жаза процестік келісімге сәйкес тағайындалды.

«Сот үкімімен Д.Е.-ге ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-бөлігімен 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы, 272-бабының 2-бөлігі бойынша 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 2022 жылғы 2 қарашадағы Рақымшылық жасау туралы заңы негізінде Д.Е. ҚР Қылмсытық кодексінің 380-бабының 1-бөлігімен тағайындалған бас бостандығын шектеу түріндегі жазадан босатылды. Ал, 272-бабының 2-бөлігімен тағайындалған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы төрттен үш бөлігіне, яғни 1 жылға дейін қысқартылып, 63-бабының негізінде 1 жыл мерзімге шартты жаза тағайындалды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қаңтар оқиғасына қатысқан 27 атыраулық кінәсін мойындағанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар