Қаңтар оқиғасына қатысқан атыраулықтың бірі тергеу изоляторына қамауға алынды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасына қатысқан атыраулықтың бірі тергеу изоляторына қамауға алынды. Бұған оның сот отырысына келмеуі себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаңтар оқиғасына қатысқан 27 адамның қылмыстық ісі қаралып жатыр. Сотталушының бірі А. Қоянбаевқа ҚР Қылмыстық кодексі 272-бабының 2-бөлігімен ауыр санаттағы қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген негізбен айып тағылған.

«Сотталушы А. Қоянбаев 3 қазанға тағайындалған басты сот отырысының болатын уақыты мен орны туралы хабарлама ала тұра сот отырысына келмеді. Сот отырысына келмеу себебін хабарламады. Сотталушының сотқа келмеу себебін анықтау үшін үзіліс жарияланды. Сот отырысы хатшысының және адвокатының бірнеше рет шалған қоңырауына А. Қоянбаев жауап бермеді. Тек сотталушы М. Нарышовтың қоңырауына жауап беріп, ауырып жатқанын хабарлаған. Ал, 3 қазандағы наркологиялық анықтамаға сәйкес сотталушы А. Қоянбаевтың масаң күйде екені анықталды», - деді соттың баспасөз қызметі.

Осыған байланысты облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 3 қазандағы қаулысы негізінде А. Қоянбаевқа қолданылған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертті. Сотталушыға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Қаңтар оқиғасына қатысқан 27 атыраулықтың ісіне қатысты сот 19 қыркүйекте өтетінін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар