Қаңтар оқиғасына бір де бір қырғыз азаматы қатыспаған – Қырғызстан Берік Асыловтың мәлімдемесіне жауап берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі Қаңтар оқиғасына шетелдіктердің қатысқаны жайлы қазақстандық прокурордың сөзін теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов бүгін парламенттік тыңдауда 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздікке Қырғыз Республикасы азаматтарының қатысқаны жайлы мәлімдеме жасады. Осыған байланысты министрлік Қырғыз Республикасы азаматтарының қаңтар оқиғаларына қандай да бір қатысы барын түбегейлі жоққа шығарады. Сонымен қатар, жаппай тәртіпсіздік фактісі бойынша қылмыстық істерді тергеу кезінде Қырғызстанның екі азаматы шартты мерзімде жаза өтеу түрінде жауапқа тартылды. Бұл азаматтар өздеріне тәуелді емес мән-жай бойынша кездейсоқ жеке эпизодқа тартылды», - деп жазылған Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде.

Министрлік Қырғыз Республикасының басқа азаматтарының жауапкершілігі мен кінәсі дәлелденбегеніне баса назар аударды.

«Қырғызстанның бір де бір азаматы Қазақстандағы митингілерге, жаппай тәртіпсіздік пен тонауға қатысқан жоқ. Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі және Қырғызстанның шет елдердегі мекемелері 2022 жылғы қаңтар оқиғасында Қазақстандағы Қырғыз Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша жан-жақты жұмыс жүргізді, оның ішінде 600-ден астам қырғызстандық жедел түрде эвакуацияланды», - дейді министрлік.

Бұған дейін Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілісте Қаңтар оқиғаларының мән-жайын баяндаған еді.

Оның ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары да жаппай тәртіпсіздікке қатысқанын айтқан.


Фото: mfa.gov.kg


Соңғы жаңалықтар