Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар қоғамдық-саяси жағдайдың шиеленіскенін қалаған

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың шиеленіскенін қалаған. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайғылы оқиғалар барысында көптеген азамат зардап шекті. Олардың бірқатары жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен арандатушылардың ықпалына еріп, қылмыс жасауға барған. Нәтижесінде, мемлекеттік органдардың 71 ғимараты, 700-ден астам автокөлік жойылып зақымдалған. Оның ішінде жедел жәрдем, полиция және өртке қарсы қызметтердің көліктері де бар», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында

Мұхтар Қожаевтың дерегінше, 1,5 мыңнан астам бизнес нысандары зардап шекті. Оларға аса ірі мөлшерде шығын келтірілді.

«Ең өкініштісі - азаматтар мен күш құрылымдарының қызметкерлері қаза тапты. Осы салдардың барлығы террорлық шабуылдар мен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларға айып ретінде тағылуы тиіс деп ойлаймыз, Себебі олар дәл осындай зардаптың болуын алдын-ала болжап білген. Сондай-ақ елдегі қалыпты қоғамдық-саяси жағдайдың шиеленісіп, тұрақсыздануын қалаған», - деді департамент бастығының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар