Қаңтар оқиғасы: ШҚО-да 700-ден астам бейнежазба тексерілуде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қаңтар оқиғасына қатысты 700-ден астам бейнежазба тексерілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, прокуратура басшылығы қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін ұсталған адамдардың мүдделерін қорғайтын адвокаттармен кездесу өткізді.

«Бүгінде Өскемен және Семей қалаларындағы ведомствоаралық жедел-тергеу топтарының құқыққа қарсы іс-әрекет фактілері бойынша арнайы прокурорлардың басшылығымен 12 қылмыстық іс (жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, билік өкілдеріне қатысты күш қолдану, оқ-дәрілерді, есірткі құралдарын заңсыз сақтау, арнайы техниканы айдап әкету, терроризм актілері бойынша) тергелуде. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен 130 азамат ұсталды. Сот барлығына қатысты қамауға алу санкциясын шығарды», - делінген ақпаратта.

Қамауға алынған 30 адамның, оның ішінде 1 кәмелетке толмаған және 5 әйелдің денсаулық жағдайын, асырауында кішкентай балаларының болуын және басқа да жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, сот және прокурор бұлтартпау шарасын үйқамаққа алуға ауыстырды.

«Адвокаттармен кездесуде қылмыстық істерді тергеудің алдын ала нәтижелері айтылды. Тергеу топтары оқиға орындарында 170-тен астам тексеру және тінту жұмыстарын жүргізді. «Сергек» камералары, Жедел басқару орталықтарынан және ұялы телефондардан 700-ден астам бейнежазба алынып, тексерілуде. 634 сот-медициналық, тауартану, өрт-техникалық, құрылыс, баллистикалық, трассологиялық және басқа да сараптамалар тағайындалды», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар