Қаңтар оқиғасы кезінде жүзге жуық адамның өмірін сақтап қалдық - алматылық медбике

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарт - Бүгін – Халықаралық мейірбике күні. Науқастарға күтім жасайтын бұл мамандардың еңбегі зор. Солардың бірі Маржан Қасенова Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасында жұмыс істейді. 30 жылдық еңбек өтілі бар мейірбикемен «ҚазАқпарат» тілшісі тілдескен еді.

Маржан Қасенова Алматы медициналық колледжін тәмамдаған.

«1998 жылы №7 қалалық клиникалық ауруханаға жұмысқа тұрдым, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің нейрохирургия палатасында жұмыс істедім. Реанимациядағы жұмыс өте ауыр. Мұнда өмір мен өлімнің арасындағы науқастар жатады, соларға күтім жасаймыз. Күн сайын біз әртүрлі жарақаттар мен аурулармен ауыратын науқастарды қабылдаймыз»,- дейді ол.

Маржан Қасенова 2016 жылдан бері №7 қалалық клиникалық аурухананың анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің аға мейірбикесі міндетін атқарады. Оның жалпы еңбек өтілімі 34 жыл.

«Біздің жұмысымыз өте жауапты. Төтенше жағдайлар көп болады. Мұндай жағдайларда мейірбикелердің атқарған еңбегін сөзбен айтып, бағалау мүмкін емес. Олардың денсаулық сақтау саласындағы рөлі жоғары. Жұмыстың жоғары жауапкершілігіне, қиындығына қарамастан, олар кәсібіне адал, бұндай істе тек өз мамандығын жақсы көретін жандар ғана жүреді - деді Маржан Қасенова.

Бүгінгі күні № 7 қалалық клиникалық ауруханада 700-ден астам мейірбике жұмыс істейді. Емдеу мекемесінің анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде 55 мейірбике және 18 мейіргер жұмыс істейді.

«Қаңтар оқиғасы кезінде біздің клиниканың медициналық қызметкерлері жүзге жуық адамның өмірін сақтап қалды. Оған мейірбикелер үлкен үлес қосты. Менің ойымша, бұл біздің парызымыз», - дейді ол.

Медицина саласында мол тәжірбие жинақтаған кейіпкеріміз қазір білгенін жастарға үйретуде.

«Мен ұзақ жылдар бойы нейрохирургиялық палатада бас сүйек-ми жарақаты бар пациенттермен жұмыс істедім. Бұл үлкен тәжірбие болды. Енді білгенімді жас әріптестеріме үйретіп жатырмын. Бізде сауатты мамандар көп. Бірақ тәжірбие ешқашан артық болмайды. Сондықтан әрбір келген жас маманды үйретемін. Олардың барлық бастамаларын қолдаймын», - дейді кейіпкеріміз.

Айта кетейік, Маржан Қасенова 2008 жылы Алматы қаласы Әуезов ауданының үздік мейірбикесі атанды. 2018 жылы «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша білімін жетілдіру үшін жоғары оқу орнына түсіп, оны 2020 жылы аяқтады.

Сол жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Сонымен қатар, үш ұлдың анасы, үлгілі отбасының тірегі.

Айтуынша, отбасы оған барлық жағынан қолдау көрсетеді.

«Отбасым-менің тірегім. Немерем бар. Жұмыстан қолым бос уақытты отбасыма және немереме арнаймын. Мен өз кәсібімді жақсы көремін және мақтан етемін. Біздің міндетіміз-адамдарға көмектесу. Мен адам жанына араша болатын денсаулық саласында еңбек еткенім және адамдардың жазылуына өз үлесімді қосатын мүмкіндігім үшін қуаныштымын», - дейді кейіпкеріміз.


Соңғы жаңалықтар