Қаңтар оқиғасы: қару-жарақ дүкенінің күзетшісі мылтықтар ұрлап кеткен

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қаңтар оқиғалары кезінде қару-жарақ дүкенінен қару ұрлаған кәсіпорын күзетшісі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қару ұрлаған азамат Алматы облысының 42 жастағы тумасы, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы үшін бұрын сотты болған. Ол тұрғылықты жері бойынша Түрксіб ауданында ұсталды. Тінту жасау кезінде моделі әртүрлі иір ойықты екі карабин (300 мм және 5,6 мм калибрлі), сондай-ақ тегіс ұңғылы мылтық (410 калибрлі) табылды.

«Тергеу барысында ұсталған азамат осы заттардың барлығын 5 қаңтарда ауданымызда орналасқан қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасау кезінде ұрлағаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде», – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов.

Еске салсақ, 7 ақпаннан бастап Алматыда «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Осыған орай, қару табылған немесе анықталған жағдайда азаматтар оны өз еркімен құқық қорғау органдарына тапсыруы қажет. Бұл оларды қылмыстық жауапкершіліктен босататыны туралы айтылды.


Соңғы жаңалықтар