Қаңтар оқиғасы: Қамаудағы 199 күдіктіге бұлтартпау шарасы өзгертілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасына қатысты күдіктілерге тағайындалған бұлтартпау шаралары қайта қаралып жатыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Прокуратура органдары бұрын таңдалған бұлтартпау шараларын қайта қарау бойынша жұмыс жүргізуде. Жеке басын, денсаулық жағдайын және тергеуге көрсетілген көмекті ескере отырып, 199 күдіктіге «қамауда ұстау» шарасы «ешқайда кетпеу туралы» қолхатқа, «кепілге», «үйқамаққа алуға» және «жеке кепілгерлікке» ауыстырылды.

Қаңтар оқиғаларының себептері мен жаңа мән-жайларының анықталуына қарай, олар да жұртшылыққа жеткізілетін болады. Сонымен бірге, тек ресми деректерге сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырамыз», - деді Бас прокуратура өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айта кетейік, қазір Қаңтар оқиғаларына қатысты сотқа дейінгі 3 666 тергеп-тексеру ісі бар. 162 айыпталушыға қатысты 101 қылмыстық іс сотқа жолданды және 62 адам сотталды.

Атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтағандар оларды ерікті түрде тапсырса және әрекеттерінде басқа қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкерішіліктен босатылады.

Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу изоляторларында отырған 751 адамның жағдайын күн сайын прокурорлар мен құқық қорғау ұйымдары тексереді.


Соңғы жаңалықтар