Қаңтар оқиғасы: Әскериді көлікпен басып кеткен Қызылорда тұрғыны 17 жылға сотталды

Фото:
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында қаңтар оқиғасына қатысқан адамға үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың сайтына сілтеме жасап.

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаппай тәртіпсіздікке қатысты ( 272 б. 2 б.), сондай-ақ әскери қызметшінің өміріне қол сұғушылық жасады (380-1 б. 2-б. 1), 6) т.) және терроризм актісін жасады (255б. 4б.) деп айыпталған Қ-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

2022 жылдың 5 қаңтарында сотталушы Қ. «А» сауда үйінің алдында жаппай тәртіпсіздікке қатысып, әскери қызметші Т-ға күш қолданған.

Оның басқаруындағы «Камаз» әскери көлігін басып алып, оның руліне отырып, газ педалін еденге дейін басып, кірпішпен тіреп, шегініп жатқан әскери қызметшілер сапына қарай бұрып, өзі көліктен секіріп түскен.

Салдарынан жүк көлігі әскери қызметші М-ны басып, ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, қылмыстық іс материалдарына тіркелген бейнежазбалармен, сондай-ақ сот-медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденді.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жәбірленушінің өкілі - өмір бойына соттауды, ал сотталушының адвокаттары - оны ақтауды сұрады.

Қылмыс ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады, оны жасағаны үшін ең жоғары жаза - өмір бойына бас бостандығынан айыру.

Қоғамдық қауіптің сипаты мен дәрежесін, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайды ескере отырып, сот Қ-ны 17 жылға бас бостандығынан айырды.

Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді.

Терроризм актісі эпизоды бойынша сотталушы ақталды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар