Қаңтар оқиғасы: Алматыда зардап шеккен кәсіпкерлердің барлық өтініші қаралды
2022 жылғы 10 наурыз 13:14

Қаңтар оқиғасы: Алматыда зардап шеккен кәсіпкерлердің барлық өтініші қаралды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда зардап шеккен бизнес субъектілерінен 1355 өтініш түсті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, өңірлік комиссия Алматыда зардап шеккен бизнес субъектілерінен келіп түскен барлық өтінішті қарап шықты.

«Қазіргі уақытта, барлық берілген өтініштер 100% қамтылды және оларды комиссия қарады. InfoKazakhstan электрондық платформасына 1188 кәсіпкерден барлығы 1355 өтініш келіп түсті. Өңірлік комиссия мәжілісінің қорытындысы бойынша 5 286,5 млн теңге сомасындағы 1139 өтініш, оның ішінде, 4 194,6 млн теңге сомасындағы 595 өтініш бюджет қаражаттарынан, 1 091,9 млн теңге сомасындағы 544 өтініш «Жаңа Алатау» қорының қаражаттарынан мақұлданды», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар ол қалған 216 өтініш пысықталу үстінде екенін жеткізді, оның ішінде 120 өтініш бойынша құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған, 96 өтініш жеңілдетілген механизм шеңберінде өтем сомасымен келіспеуіне байланысты сот сараптамасына жолданған.

«Зардап шеккен бизнесті толық қамту және қала экономикасын жедел қалпына келтіру мақсатында, комиссия «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығының жанынан кеңес беру штабын құрды. Өтемі әлі төленбеген зардап шеккен кәсіпкерлер жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін Алматы қаласы, Байзақов көшесі, 303 (101-кабинет) мекенжайы бойынша кеңес алу үшін жүгіне алады», - деді спикер.

Еркебұлан Оразалин өңірлік комиссияның келесі мәжілісі алдағы 12, 15 және 18 наурызға жоспарланғанын атап өтті.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT