Қаңтар оқиғасы: Ақтөбеде қылмыстық істер бойынша жарыссөз басталды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына қатысты 18 айыпталушының ісі бойынша жарыссөз басталды. Алдымен мемлекеттік айыптаушылар сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар оқиғасынан соң қозғалған қылмыстық іс «Жаппай тәртіпсіздік», «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық», «Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу» баптары бойынша қаралып жатыр.

Бүгін жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы сотталушы Ажниязовқа қатысты Қылмыстық кодекстің 272-бабы 1-бөлігін 272-бабының 2-бөлігіне өзгертуді ұсынды. Бұл бап бойынша 4 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сонымен бірге көлігімен полиция қызметкерлерін қағып кетті деп айыпталып жатқан сотталушы Исаевқа қатысты тергеп-тексеру жүрген кезде көліктің тежегіші жұмыс істеп тұрғаны анықталған. Полиция көлікті бейнекамералар арқылы тауып, жүргізушісін де ұстады. Ал алаңға қиыршық тас тасымалдауға тапсырыс берген Әбиев сотта өз кінәсін мойындады. Сол жүк көлігін жүргізген Құттыбаев пен Баймұратов та сотта жауап беріп жатыр.

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, тағылған айыпты, олардың іс-әрекетін тізбектеп берді. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сот отырысы кезінде бірнеше сотталушы тағылған айыппен келіспей, кінәсін мойындамады. Сонымен бірге мемлекеттік айыптаушы, кейбір сотталушылардың жазасын жеңілдетуді сұрады.

«Ажниязовті 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймыз. «Рақымшылық туралы» Заңға сәйкес жазасын жеңілдетіп, түпкілікті 1 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймыз.

Сотталушы Исаевты Қылмыстық кодекстің «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық» және «Жаппай тәртіпсіздік» баптары бойынша айыпты деп танып, түпкілікті 15 жылға бас бостандығынан айыруды, мүлкі тәркілеуді сұраймыз. Көлігі мемлекет кірісі үшін тәркіленсін.

Сотталушы Мұхитті 1 жыл 9 айға, Әбиевті 10 ай 15 күнге, Құттыбаевты 9 айға, Баймуратовты 9 айға бас бостандығынан айыруды сұраймыз. Жүк көлігін жүргізіп, алаңға қиыршық тас жеткізген Құттыбаев пен Баймұратовтың көлігін мемлекет кірісіне тәркілеуді сұраймыз.

Сотталушы Искаковты түпкілікті 9 айға, Құспановты 9 айға, Өмірәліні 9 айға, Омаровты 1 жыл 15 күнге, Сәдуақасовты 10 ай 15 күн, Даукенді 10 ай 15 күнге, Аманғосовты 10 ай 15 күнге, Бекеевті 10 ай 15 күнге, Ахметовті 10 ай 15 күнге, Қамиді 4 жылға, Есмурзаеваны 10 ай 15 күнге бас бостандығынан айыруды сұраймыз.

Сотталушы Шамуратовты айыпты деп танып, Қылмыстық кодекстің «Жаппай тәртіпсіздік» бабы бойынша айыпты деп танығанымен, «Рақымшылық туралы» Заңға сәйкес жазадан босатуды сұраймыз», - деді жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы.

Сот отырысы күні бойы өтті. Жарыссөз кезінде айыпталушылар мен олардың қорғаушылары да сөйледі. Келесі сот отырысы 17 қаңтарда жалғасады.


Соңғы жаңалықтар